Тікелей эфир

Қаруланған ер адам астанадағы банктердің бірінде қызметкерлерді тұтқында ұстап отыр

Болжам бойынша ол 7 адамды кепілде ұстап отыр. 

Достық көшесіндегі Каспий банкінің ғимаратында ер адам мекемеге келушілермен бірге ішінен есікті құлыптап алған, деп хабарлайды polisia.kz телеграм арнасы. 

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам қарулы.

"Оқиға орнында полиция қызметкерлері, ер адаммен келіссөз жүргізіп жатыр. Тәртіп сақшылары елорда тұрғындарынан сабыр сақтап, құзырлы органдардың өз жұмысын жүргізуге мүмкіндік берудi сұрайды", – делінген хабарламада. 

Kaspi bank жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, ғимаратта тек банк қызметкерлері қалғанын хабарлады. 

"Қазіргі уақытта бөлімшеде тек банк қызметкерлері бар, клиенттер жоқ. Құқық қорғау органдарының өкілдері қызметкерлерге қауіп төндіретін адаммен келіссөздер жүргізіп жатыр. Полиция мен банктің барлық күштері ешкімге зиян келтірмеуге бағытталған. Кез келген ақпаратты таратуға жауапкершілікпен қарауды және құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірмеуді сұраймыз. Кез келген дұрыс емес ақпарат жағдайдың шиеленісуіне әкелуі мүмкін", – деді банктегілер. 

Мұнымен қатар, полиция қызметі Каspi bank келушілерін кепілге алған басқыншымен келіссөзді кәсіби мамандар жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Болжам бойынша ол 7 адамды кепілде ұстап отыр. 

Оқиға орнында "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Әскери қызметшілер арнайы операцияға тартылған жоқ.

"Азаматтарды ресми көздерден алынған ақпаратқа сүйенуге, БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз. Тәртіп сақшылары елорда тұрғындарынан сабыр сақтауды және құзыретті органдарға өз жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беруді сұрайды", – деп ескертті полиция қызметі. 

Әлеуметтік желіде банк қызметкерлерін тұтқында ұстап отырған басқыншының видеосы тарады. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары