Әлеуметтік желіде танымал болу үшін шектен шығатын әрекеттер көбейіп барады. Кейінгі уақытта хайп қуған блогерлер мен контент авторларының қоғам наразылығын тудырған әрекеттері жиілеген, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Солардың бірі — былтыр Алматыда болған оқиға. Бір топ блогер досын тірідей көміп, оны әлеуметтік желіге жариялаған. Желі қолданушылары бұл әрекетті сынға алып, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.
Жуырда Астанада тағы бір даулы жағдай тіркелді. Студент Бәйтерек монументінің жанында бейәдеп суретке түсіп, 5 тәулікке қамауға алынды.
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай мұндай әрекеттердің көбейгенін айтып, заңнаманы қатаңдату қажет екенін мәлімдеді.
"Қазір біз мемлекеттік рәміздердің өзін қорлайтын болдық. Танымалдылық үшін бәріне барып жатыр. Сондықтан заңды қатаңдату қажет", – деді депутат.
Әлеуметтік желіде тағы бір резонансты оқиға талқыланды. Актер бала кезінде продюсерден зорлық көргенін айтып видео жариялағаннан кейін, блогер Асанәлі Құрманғазы бұл оқиғаның арнайы сценарий арқылы аудитория жинау үшін жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жарияланған видео әлеуметтік желіде әдейі резонанс тудыру үшін дайындалған.
Заңгер Ғабит Өмірбек мемлекеттік символдарға қатысты бейәдеп әрекеттер үшін жазаны күшейту қажет деп есептейді. Оның пікірінше, "Бәйтерекке" арнайы қорғалатын нысан мәртебесін беру мәселесін қарастыру керек.
Қазіргі заң бойынша мұндай әрекеттер үшін 5-тен 15 тәулікке дейін қамау немесе 86 мың теңгеден астам айыппұл қарастырылған.
Сарапшылардың айтуынша, әлеуметтік желідегі қаралым мен танымалдық қоғамдағы моральдық шекарадан аспауға тиіс.