Тікелей эфир

Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында болған апатта 16 кенші қаза тапты

Апат кезінде шахтада 252 адам болған, жер астынан 205 шахтер шығарылды.

Шахтада шыққан өрттен 16 адам көз жұмды. 18 адам әртүрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізілгені хабарланды. Сондай-ақ, жер астында қалған кеншілер бар екені белгілі болды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Костенко атындағы шахтада қаза болған кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ, мемлекет басшысы апат кезінде жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіріп, кеншілердің отбасына көмек берілетінін хабарлады. Болған апаттың себебін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. 

Президент үкіметке "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен инвестициялық серіктестікті тоқтатуды тапсырды. 

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы "өрт көмір оятын жерде метан жарылған соң басталған болуы мүмкін" деген болжам таратты. Оқиға орнына облыс әкімі мен прокуратура өкілдері барып, жедел штаб құрылды. Қазір апат болған жерде 40 құтқарушы, 10 техника жұмыс істеп жатыр. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстарына 3 психолог көмек көрсетіп жатыр. 

Ақпараттық және психологиялық қолдау көрсету үшін сенім телефондары жұмыс істейді:
(8-7212) 49-72-70, 51-72-23.

 

Серіктестер жаңалықтары