Қарағанды облысының археологтары Сақ дәуірі жауынгерінің бұзылмай сақталған қабірін тапты. Онда бір метрден сәл астам тереңдікте оң қолында қола қылыш ұстаған ер адамның қаңқасы анықталды. Сондай-ақ, жебе ұштары мен алтын сырға табылды, деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының археологтары бұл қабірді Ақтоғай ауданындағы Қарабие қорымын қазу кезінде тапқан.
"Қабірдің жабынды тастарын алғаннан кейін, біз қаңқаны толық анатомиялық қалпында таптық. Оның оң алақанында қылыш болды. Мұндай олжаға жолықпағанымызға көп жыл болған", – деді мұражайдың жалпы тарих, археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Дәурен Жүсіпов.
Сақ жауынгері біздің дәуірімізге дейінгі VII-VI ғасырларда жерленген. Зерттеушілер қабірдегі ұзындығы шамамен 30 сантиметр болатын қос жүзді тұтас құйылған қола акинакқа ерекше назар аударып отыр. Қару дала жыртқыш құстарының бейнелерімен өрнектелген.
"Қылыштың жанынан археологтар бес металл жебе ұшын және алтын сырға тапқан. Алтын әшекей жауынгердің қоғамдағы жоғары мәртебесін айғақтайды. Заттардың көркемдік стилі Талды-2 қорымынан табылған "Алтын адам" жәдігерлерімен үндес. Барлық табылған бұйымдар облыстық мұражайдың қорына тапсырылмақ. Ғалымдар ежелгі жерлеудің құпиясын ашу үшін металлографиялық, радиокөміртекті және антропологиялық зерттеулер жүргізуге дайындалып жатыр. Зерттеу нәтижелері келесі жылы қыста таныстырылады", – делінген әкімдіктің хабарламасында.
USD:
507.5 / 510.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63

