Қарағанды облысында өндіріс өсімі байқалды: өңір басшысы Тоқаевқа есеп берді

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Қарағанды сүт өнімдерінде өзін-өзі толық қамтамасыз етед.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевты қабылдады. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалды, деп хабарлайды Ақорда.

Әкімнің айтуынша, биылғы сегіз айда облыста 3,2 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі, соның ішінде металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, жеңіл және тамақ өнеркәсібінде өсім байқалған.

Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 644,7 млрд теңгені құрап, 11,1%-ға артты. 2025 жылға дейін құны 195 млрд теңгеге тең 29 жоба іске қосылып, 2 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Ал 2030 жылға дейін 120 ірі жобаның пулын қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл бастамалар 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Азық-түлік нарығында импортқа тәуелділікті азайту бағытында да шаралар қабылдануда. Ауыл шаруашылығында ірі тауарлы сүт фермаларының құрылысы аяқталған соң, өңір сүт өнімдеріне толықтай өзін-өзі қамтамасыз ететін болады.

Сонымен қатар, президентке Qarmet АҚ-ның жұмысы жөнінде баяндалды. Компания сегіз ай ішінде өндірісті жаңғыртуға 110 млрд теңге инвестиция құйған. Соның нәтижесінде шойын өндіру 6%-ға, болат 6,9%-ға, ал илемдеу 5%-ға артқан. Қазір кәсіпорында жаңа коксты батареялар, құю-илемдеу кешені мен сұрыптап илемдеу цехы салынып жатыр. Өндіріс кезең-кезеңімен табиғи газға көшуде.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда одан әрі дамытуға, жылумен тұрақты қамтамасыз етуге және өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге қатысты бірқатар тапсырма берді.

Серіктестер жаңалықтары