Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері прокуратурамен бірлесіп қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында топтың 12 қылмысқа қатысы бары анықталды. Жәбірленушілер "Қармет" АҚ қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер және жоғары оқу орындарының студенттері болып шықты. Күдіктілер қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, қылмыс жасаған. Олар ұрып-соғумен, мүлікті тартып алып, ақша бопсалаумен айналысқан.
"Жалпы топтың 25 мүшесі ұсталды. Оның ішінде ең белсенді 10 адам қамауға алынды. Тінту барысында атыс және суық қару, оқ-дәрі, діни әдебиет пен ірі көлемде қаражат тәркіленді. Қазіргі таңда олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Басқа ақпарат тергеу мүддесі аясында жарияланбайды", – деді департамент басшысы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.