Тікелей эфир

Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған 174 күдіктінің қылмыстық ісі айыптау актісімен аяқталды

Барлығы қылмыстық істер бойынша 1,5 мыңнан астам жеке және заңды тұлға жәбірленуші ретінде танылды.

Бүгінгі таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2 997 қылмыстық іс бар, олар бойынша соттың санкциясымен 194 адам күзетпен ұсталуда. 152 адам жаппай тәртіпсіздік барысында ұрлық жасағаны, 22 адам қаруды заңсыз сақтағаны және 24 адам қаруды ұрлағаны үшін қамауға алынды, деп мәлімдеді ҚР ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов. 

"Жеке басы мен қылмыстың ауырлығын ескере отырып күдіктілерге бұлтартпау шарасы үйқамаққа, ешқайда кетпеу және дұрыс мінез-құлық туралы қолхат беруге өзгертіліп, адамдар күзетпен ұстаудан босатылуда. 199 адам босатылды. Күзетпен ұсталынатын күдіктілерге тергеу изоляторларында, сондай-ақ қажет болған кезде медициналық мекемелер жағдайында білікті медициналық жәрдем көрсетіледі. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының істері бойынша қамаққа алынғандар арасында денсаулыққа шағымданатын адамдар жоқ", – деп сендірді департамент басшысы.


Оқи отырыңыз: "Қоқыс терген ана": Қаңтар оқиғасынан кейін көмек сұрайтын көпбалалы аналар саны артты


Сондай-ақ, ол қаңтар оқиғалары бойынша 174 күдіктіге қатысты қылмыстық істерді айыптау актісімен аяқтағаны хабарлады. Өткен апта ішінде мүлікті және қаруды ұрлау фактілері бойынша 7 күдікті ұсталып, соттың санкциясынан қамаққа алынды. 

"Мысалы, Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктер барысында 5 адамнан құрылған топ полиция қызметкерлерінің арнайы құралдарын және қаланың 4 дүкенінен әртүрлі тауарды жымқырған. Жедел іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері күдіктілердің біреуі тұратын мекенжай бойынша полицейлердің қалқандары, 2 электр самокат, 2 теледидар, 3 ноутбук, компьютер техникасы мен жаңа брендті киім-кешек алынды. Одан басқа күдіктілерден сатуға дайындалып қойылған "пироллидин" есірткі заты салынған 76 орам табылды", – деді Санжар Әділов.

Барлығы қылмыстық істер бойынша 1,5 мыңнан астам жеке және заңды тұлға жәбірленуші ретінде танылды. 12 мыңнан астам азаматтан куә мен жәбірленуші ретінде жауап алынды, 2200 сот сараптамасы тағайындалды. 

"Қазіргі уақытта алынған қарудың жалпы саны 1 069 бірлікті құрайды, оның ішінде 123 автомат, 231 тапанша, 263 тегіс ұңғылы мылтық, 84 бірлік кесілген қару, 168 граната, 9 гранатомет пен    2 пулемет. Одан басқа 21 759 оқ-дәрі табылып алынды. Түсіндіру жұмысынан кейін азаматтардың қарудың 100-ден артық бірлігін өз еркімен тапсырғанын атап өтеміз", – деді Санжар Әділов. 

Еске салсақ, қаңтар оқиғасы кезінде қамалғандардың алтауының уақытша ұстау изоляторында көз жұмғаны туралы хабарлаған едік. 

Серіктестер жаңалықтары