Тікелей эфир

Қаңтар оқиғасы: Алматы әкімдігі мен президент резиденциясын басып алған 11 адамға үкім шықты

Сотталушылар кінәсін жартылай мойындады.

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы президент резиденциясына және мегаполис әкімдігіне басып кіруге қатысты іс бойынша үкім шығарды.

Сотталушыларға 261-бап – «Кепілге алу», 269- «Ғимараттарға, құрылыстарға, байланыс және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу», 272- «Жаппай тәртіпсіздіктер» және 380-бап – «Адамға қарсы қорқыту немесе күш қолдану әрекеттері» бойынша айып тағылды.

2022 жылғы 4-5 қаңтарда сотталушылар жаппай тәртіпсіздікке қатысып, қорғалатын объектілерге  — Алматы қаласының әкімдігіне, президент резиденциясына, полиция басылымына заңсыз кірген. 

Сотталушылардың қылмыстық әрекеті мүліктің жойылуына ұласып ауыр зардаптарға әкелді.

Тәртіпсіздік барысында үш сотталушы қоғамдық тәртіп орнату жөнінде шаралар қабылдаған әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне зорлық-зомбылық көрсетті. Ал сотталушылардың біреуі екі әскери курсантты тұтқынға алып, оларға жеңіл дене жарақаттарын келтірген. 

Сотталушылар кінәсін жартылай мойындады. Аталған қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады.

Жаза тағайындау кезінде сот жауапкершілікті жеңілдететін жағдайларды ескерді: сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуын, денсаулық жағдайларын, отбасылық жағдайларын және бұрын сотты болмағандарын.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот 10 сотталушыны ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі-1), 4), 8) тармақшалары бойынша кінәлі деп тапты. 

Рақымшылық туралы заң қолданыла отырып, олардың әрқайсысы бір жылға тоғыз айға бас бостандығынан айырылды.

Бір сотталушы ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігі, 1), 4), 8) — тармақтары, 269-1-бабының 3-бөлігі, 261-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

Ол Рақымшылық туралы заңы аясында төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктестер жаңалықтары