Тікелей эфир

Қаңтар бүлігіне қатысқандарға қанша ақша төленген?

Бас прокуратураның мәліметінше, қаңтар тәртіпсіздіктеріне қатысқан әр адамға 20-100 доллар берілген.

Бүгінгі таңда тергеу органдарының өндірісінде қаңтар оқиғасына қатысты 4 849 қылмыстық іс бар. Сот санкциясымен 627 күдікті қамауда отыр, деп хабарлады Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында. Оның ішінде 280 адамның жеке бас деректері мен денсаулық және басқа да жағдайы ескеріле отырып, үй қамаққа ауыстырылған.

Бас прокуратура өкілі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен қатысушыларды анықтау туралы жаңа деректерді мәлімдеді.

"Қаңтар оқиғасының ұйымдастырушылары мен қатысушыларын анықтап, жауапкершілікке тарту мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алматы облысы Талдықорған қаласындағы тәртіпсіздіктерді қаржыландырған және азаматтардың мүлкіне зиян келтіруге, мемлекеттік нысандарды басып алуға ықпал еткен О. және Н. есімді азаматтар анықталды. Тәртпсіздіктерге қатысқаны үшін бір адамға 20 доллардан 100 долларға дейін төленген. Бұл фактілер тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікке ілінген адамдардан жауап алу барысында расталды", – деп мәлімдеді Елдос Қилымжанов.


Оқи отырыңыз: Жәмішев: Қаңтарда қаза тапқан 13 бейбіт тұрғынның туыстарына ақша аудару мәселесі қаралуда


Сонымен қатар, Елдос Қилымжанов Жамбыл облысындағы тәртіпсіздіктер кезінде нұсқау берілі отырған Telegram-арна анықталғанын мәлімдеді.

"Жамбыл облысының тұрғыны 4 қаңтар күні Алматы қаласында телеграм-канал ашқан, оған санаулы сағатта бірнеше мың адам жазылған. Осы Telegram-арнада баррикадалар құру, Молотов коктейльдерін жасау, тәртіп сақшыларына қарсылық көрсету және ғимаратты басып алу бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулар берілген. Ал 5-6 қаңтарда аталған арна арқылы Жамбыл облысындағы мемлекеттік нысандарға шабуыл ұйымдастыру туралы ақпарат жарияланған", – деді Елдос Қилымжанов.

Күдікті адам анықталған, қазіргі уақытта қамауға алынған. 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары