Келер оқу жылынан бастап Алматы қаласында үш ауысымдық мектептер проблемасы болмайды. Бұл мәселені реттеу үшін қазіргі таңда 12 600 орындық 8 жалпы білім беретін мектептің құрылысы және қолданыстағы мектептерге 8 263 орындық 17 қосымша құрылыс жүріп жатыр, деп мәлімдеді Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов.
"Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша ресми түрде үш ауысымдық бір ғана мектеп бар. Ол мәселемен айналысып жатырмыз. Әрине, осындай үш ауысымдық мектептің болуы дұрыс емес. Кезінде Алматы қаласының "Рахат-Мәдениет" ықшам ауданында №196 мектеп болды, оның жобалық қуаттылығы 90 балаға есептелген. Ал қазіргі таңда сол мектепте 700-дей бала білім алып жатыр. Сол мектептің үш ауысымда оқытуына тура келеді. Бірақ жартысы онлайн және тағы бір жартысы аралас форматта білім алып жатқандықтан, мектеп екі ауысымда оқытып жатыр деп айта аламыз. Алматы қаласы әкімдігі осы мәселені шешуі үшін 1 500 оқушыға арналған мектеп салып жатыр. Құдай қаласа 2022 жылы Алматы қаласындағы үш ауысымдық мектеп мәселесін толық жоямыз. №157 мектеп туралы айтатын болсақ, биыл қыркүйек басында "ю" сыныбы" туралы ақпарат бүкіл БАҚ-та жарияланды. Сол ықшам ауданда қазіргі таңда жаңадан екі мектеп салынып жатыр", – деді Қайрат Жұманов.
Мұнымен қатар, ведомство өкілі оқушылар орындарының жетіспеушілігін азайту және оқу орындарының желісін одан әрі кеңейту мақсатында карантиндік шектеулерге қарамастан, қазіргі уақытта 12 600 орындық 8 жалпы білім беретін мектептің құрылысы (қаланың Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында) және қолданыстағы мектептерге 8 263 орындық 17 қосымша құрылыс (No 38, 60, 166, 186, 6, 132, 117, 133, 144, 121, 199, 191, 57, 177, 102, 34, 170) жүріп жатқанын айтты.
Жаңа оқу жылының басына дейін 3 жаңа ғимараттың (№ 38, 60, 166) құрылысы аяқталды және қыркүйекте 4 150 орынға арналған 6 (№ 6, 121, 133, 144, 170, 199), 4 113 орынға арналған қалған 8 қосымша құрылыс (№ 34, 57, 102, 117, 132, 177, 186, 191) ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін аяқталады. Осылайша, жыл соңына дейін 16 мыңнаң астам оқушы орны пайдалануға беріледі.
"Дайындық кезінде барлық шараны ескердік. №157 мектеп сияқты үш ауысымдық мектеп болады деген қауіп жоқ. Осы жылдың желтоқсан айында Наурызбай ауданында 108 мың балаға арналған мектеп ашылуы керек. Сонымен осы үш ауысымдық мектеп мәселесін шешуге болады", – деп сендірді Алматы қаласы білім басқармасының бас маманы Бейбіткүл Тәжиева.
Еске салсақ, оқушылардың 11 пайызының кей пәнді қашықтан оқып жатқаны туралы хабарлаған едік. Оқу жылы басталғалы мектептердің 86%-ға жуығы дәстүрлі форматта білім беруде.