Қазақстанның он өңірінде су тасқыны болып, төтенше жағдай жарияланғаннан кейін елдегі бөгет құрылыстарының мәселесі ашық айтыла бастады.
18 сәуірде "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дидар Смағұлов Түркістан облысында 2,2 млрд теңге бөлінген бөгет құрылысы жүргізілмегенін жазды. Ұзындығы 40 шақырым болуы тиіс бөгет тек қағаз жүзінде ғана салынған.
"Бұл бөгетке Түркістан облысы 2021 жылдың соңында 2,2 млрд теңге жұмсаған. Құрылыс барысы 2022 жылы бір рет тексерілген, кейін оны шайып кетіп, үлкен бөгет қайта пайдаланылмаған", – деп жазды Дидар Смағұлов.
Кейін журналист Дмитрий Шишкин өзінің Telegram арнасында бұл бөгеттің құрылысы бойынша BI Group холдингіне қарасты компаниялардың бірімен келісімшарт жасалғаны туралы ақпарат таратты.
"Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігі осы істі Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің назарына ұсынған болатын. Бұл ретте Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малахов бөгеттердің құрылысына бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын жіті тексеруге тапсырма берді.
Айта кетейік, Дидар Смағұлов 2021 жылғы маусымнан бері "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып жұмыс істейді. Бұған дейін ол Ұлттық тестілеу орталығының басшысы, білім және ғылым министрінің кеңесшісі қызметтерін атқарды.
Еске салайық, 2024 жылдың наурыз айының басында "Қазгидромет" РМК бас директорының бірінші орынбасары Серік Сабыров су тасқыны күтілетін өңірлерді атады: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстары қауіптің алдында тұрды. Бұл қардың көп түсуімен байланысты. Температураның жоғарылауымен қар еріп, аталған аймақтарда күрделі су тасқыны болды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 сәуірде еліміздегі су тасқыны соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат болғанын, ал еліміздің 10 өңірінде төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеді.
"Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық", – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" атты ХХХІІІ сессиясында.