PRO.NRG Fest-ке бес жыл: ғылыми фестиваль қалай өзгерді және неге ол бүгін маңызды

PRO.NRG Fest-ке бес жыл: ғылыми фестиваль қалай өзгерді және неге ол бүгін маңызды
Мерейтойлық бесінші фестивальге 10 мыңнан астам адам қатысты.

Балалардың бойында ғылымға деген қызығушылықты ояту үшін оқулықтарды міндетті түрде парақтау қажет емес. Бұршақ өсіру, содан "жанартау" жасау немесе жәндіктерді бақылау да жеткілікті. Жас зерттеушілерге құрғақ теория емес, тәжірибе керек. Дәл осы қағидат бойынша халықаралық отбасылық ғылыми-көпшілік PRO.NRG Fest ойдағыдай жұмыс істейді. Мерейтойлық бесінші фестиваль қатысушылардың рекордтық санын – 10 мыңнан астам адамды – мектеп оқушыларын, педагогтерді, ата-аналарды, ғалымдарды жинап, екі маңызды күнге – Ғылым күні мен Ғарышкерлер күніне орайластырылды.

Балалар қызығушылығы ата-ана үшін неге маңызды 

Баланың дамуы көбіне ата-анаға байланысты. Ата-ананың қызығушылығы баланың қызығушылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан балаларға арналған жобалар мен іс-шараларды ұйымдастырғанда олардың ата-аналарға да қызықты болуын қамтамасыз ету маңызды.  

PRO.NRG Fest 2022 жылы пайда болды. Басынан бастап ұйымдастырушылар оқиғаның тұжырымдамасын жасай отырып, қазақстандықтарға танымал болып келе жатқан Science (Ғылым), Technology (Технология), Engineering (Инженерия), Arts (Өнер), Mathematics (Математика) бағыттарын біріктіретін STEAM білім беру идеясын кеңінен насихаттауды мақсат етті. Нәтижесінде дебюттік PRO.NRG Fest бірнеше батыл және маңызды міндеттерді шешіп, ұйымдастырушылардың күткенінен де асып түсті. Фестиваль ғылымды қазақстандықтардың кең аудиториясы – балалар, ата-аналар және педагогтар үшін қызықты, танымал әрі трендке айналдыра алды.

Фестиваль бағдарламасы дәрістерді, өзекті тақырыптарға жауаптарды, интерактивтік аймақтарды қамтиды. Мұнда балалар ойын арқылы робототехника мен инженерияны меңгереді, сондай-ақ Қазақстан мен басқа елдерден келген сарапшылардың қатысуымен жасөспірімдерге арналған танымдық шеберлік сабақтары өтеді. Мұғалімдер бұл алаңды тәжірибе алмасу және жаңа әдістемелерден шабыт алу үшін пайдаланады. 

Іс-шараның жыл сайынғы форматы жүйелілікті қамтамасыз етеді. Бұл оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын тұрақты түрде қалыптастырып, олардың болашақ армандарына әсер етуге мүмкіндік береді. 2022 жылы ғылым әлемін алғаш ашқан бесінші сынып оқушысы 2026 жылы фестивальге тоғызыншы сынып оқушысы ретінде қайта келеді. Осылайша, 11 жасында пайда болған қызығушылық 15 жасында болашақ мамандықты таңдауға ықпал етеді. 

Шетелдік спикерлерден жергілікті хедлайнерлерге дейін

STEAM білім беру баланы жан-жақты дамытып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті етеді. Бұл, әсіресе, жасанды интеллекттің дамуы адамдар арасында алаңдаушылық туғызған қазіргі кезеңде аса маңызды. Көптеген адамдар жақын болашақта өз мамандықтарының маңыздылығын жоғалтуынан қауіптенеді. Осы тұрғыда қазақстандық оқушылардың STEAM бағытында дамуы оларға мамандықтардың кең таңдауын ұсынып, болашақта кәсіби қауымдастықтың толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік береді. 

Caravan of Knowledge корпоративтік қорының құрылтайшысы, PRO.NRG Fest ұйымдастырушысы Зарина Бүйімбаеваның айтуынша, Caravan of Knowledge жобасы пандемия кезінде басталған. Дәл осы қиын кезеңде "Шеврон" компаниясы STEAM бағытын дамыту идеясын алғаш қолдады. Шектеулер жағдайында ұйымдастырушылар командасы кейін PRO.NRG Fest-ке айналған алғашқы іс-шараны онлайн форматта өткізуге мәжбүр болды. Сол кезде бұл әлі отбасылық фестиваль немесе дәстүрлі мағынадағы балалар іс-шарасы емес еді. Алғашқы ірі онлайн-конференцияға 12 мың қатысушы қосылып, таңғы тоғыздан кешкі беске дейін үздіксіз эфирде өтті. 

"Біз білім беру саласындағы түрлі стейкхолдерлерді біріктіретін мұндай форматтардың шынымен қажет екенін түсіндік, – деп атап өтті Зарина Бүйімбаева.

Пандемия аяқталғаннан кейін Caravan of Knowledge командасы "Шеврон" компаниясымен бірге офлайн форматқа көшіп, жаңа әрі ыңғайлы формат іздей бастады.

Зарина Бүйімбаева сол кезде Қазақстанда ата-аналарды, балаларды және мемлекеттік құрылым өкілдерін біріктіретін  осындай форматтағы іс-шара болмағанын атап өтті. Ұйымдастырушылар кезекті конференция немесе форум өткізуден саналы түрде бас тартып, барлық қатысушылар үшін оқыту экожүйесіне негізделген ерекше формат жасауды мақсат етті. 

"Біз ата-аналар білімге жақындасып, оқушылар өз қызығушылықтарын ата-әжелеріне көрсете алатын, мұғалімдер өз тәжірибесімен бөлісетін, ал мемлекет елдегі мықты педагогикалық кадрларды көретін алаң жасағымыз келді", – дейді Зарина Бүйімбаева.

Алғашқы фестиваль бағдарламасының 50-60%-ы шетелдік сарапшылардың баяндамаларынан тұрды. Себебі Қазақстандағы STEAM-білім берудің бастапқы кезеңінде күрделі ғылыми-техникалық тақырыптарды кең аудиторияға қолжетімді әрі қызықты түрде жеткізе алатын жеткілікті жергілікті спикерлерді табу оңай болмады. Шетелдік мамандар ғылымды қызықты, көрнекі және қолжетімді түрде жеткізуге болатынын көрсетті. Келесі фестивальге жағдай айтарлықтай өзгеріп, қазақстандық ғылым насихатшылары бағдарламаның негізгі бөлігін сенімді түрде қолға алып, шетелдік қонақтарды сәтті алмастырды, тіпті фестивальдің басты хедлайнерлеріне айналды.

Халықаралық серіктестік және үлкен идеялар оазисі

Фестивальге қатысушылар санының артуына байланысты 2023 жылы халықаралық ынтымақтастық кеңейіп, отандық және шетелдік серіктестермен байланыс нығайды.

"Мені PRO.NRG 2023 ауқымы мен ұйымдастырылуы таң қалдырды. Ұйымдастырушылар  техникалық жабдықтау мен шығармашылық нөмірлерге дейін қамтып, барлығын ойластырған екен. Фестивальдің әрбір қонағы мен әр қатысушысына көңіл бөлінді", – деп Қазақстан және ОА инженерияны дамыту қорының құрылтайшысы Нұрдәулет Досмағамбет фестивальдан алған әсерімен бөлісті. 

2023 жылы PRO.NRG Fest фестиваліне Астанаға өз елдерінде білім саласын қолдайтын 10 елдің ірі компанияларының топ-менеджерлері келді. Сол жылы PRO.NRG Fest бағдарламасына Science on Stage Europe халықаралық бастамасының ұлттық кезеңінің финалы енгізілді. Бұл жоба бүкіл әлемнен жаратылыстану пәндері мұғалімдерін біріктіріп, кәсіби тәжірибе алмасуға арналған платформа ғана емес, сонымен бірге педагогтардың үздік авторлық бағдарламалары мен инновациялық әдістерін таныстыруға мүмкіндік беретін конкурс болып табылады. Фестиваль аясында ұлттық іріктеудің жеті жеңімпазы анықталып, олар 2024 жылы Финляндияның Турку қаласында өткен халықаралық финалда Қазақстан педагогикалық қауымдастығын таныстырды.

2023 жылы  PRO.NRG аясында Art&Sciense бағыты бойынша «Бесінші элемент» көрмесі ұсынылды. Экспозицияға Атырау, Алматы, Қордай және Астанадан келген бес шебер қатысып, арнайы шақырылған мексикалық суретші әрі «Био-арт» бағытындағы куратор Лаура Родригез басқаратын YEMAA Artist Residence бірегей жобасының бөлігіне айналды.

2024 жылғы фестиваль табиғат пен ғылымның күшті байланысына екпін жасай отырып, Tabigat & Science тақырыбын таңдады. Үшінші оқиға өз алаңында жеті мыңнан астам қонақты қабылдады.

Бағдарламаның ең жарқын элементтерінің бірі – YEMAA заманауи мәдениет орталығы ұсынған FLUID FUTURES экспозициясы ("Үлкен суға сүңгу және үлкен деректер") болды. Қонақтар биодизайн, 3D-басып шығару және жасанды интеллект қиылысуын зерттеген жас суретшілердің еңбектеріне зор қызығушылық танытты.

Astro Astana астрономия мектебінің негізін қалаушы және ғарышты насихаттаушы Артур Гайдук PRO.NRG Fest алаңына бірнеше рет шықты. Оның айтуынша, балалар жаңа білімді тез меңгеріп қана қоймай, кейде өз идеяларымен тәжірибелі мамандарды да таңғалдырады.

Артур фестивальде жас қатысушылар кейде тыңдаушы рөлі аясынан шығып кетіп жататынын тілге тиек етті.

"Балалар тек сұрақ қойып қана қоймай,  дәрістерді өткізуге де көмектеседі, кей жағдайда жақсы дайындалған модератор ретінде де көрінеді", – дейді Артур Гайдук.

Жас ғалым оқушылардың эрудициясы, ғарыш тақырыбына деген шынайы, терең қызығушылығы таңғалдыратындығын мойындады.

Жаңа заманға дайындайтын фестиваль 

"Caravan of Knowledge жобасын іске қосқан сәттен бастап пандемия кезінде оған 50 мыңнан астам адам қатысқан, ал серіктестер арқылы жанама бенефициарлары – мектептер мен университеттердің жалпы саны 220 мыңға жетті", – деп атап өтті "Шеврон" компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Жанар Қошпанова. "Осылайша, біз бұл жобаның Қазақстандағы STEAM білім беруді ілгерілету саласына зор ықпалы бар екенін көре аламыз".

"Тамыры тереңде" (Rooted in the Future) атауымен өткен 2025 жылғы PRO.NRG Fest тұжырымдамасының негізіне ұйымдастырушылар өсу, сабақтастық және даму нышаны ретінде "Білім ағашы" метафорасын алды. Төртінші фестиваль пікір көшбасшылары мен индустрияның кәсіби мамандарынан құралған 30-дан астам спикердің басын қосты.

"Шеврон Еуразия" вице-президенті Дилан Морган фестивальға екі рет қатысқанын және іс-шараға отбасымен бірге келгенін айтты. Оның сөзінше, ғылымға деген қызығушылығы кездейсоқ емес - өзі ғалым, жұбайы инженер, тұңғыш қызы қоршаған орта ғылымы саласында білім алуда. Осылайша, ғылым тек кәсіби қызметінде ғана емес, отбасылық өмірінде де маңызды орын алады.

"Фестивальге қатысқандағы бірінші тәжірибем керемет болды. Мен балаларға ғылыми ойындарға "сүңгу", интерактивтік экспозициялар, ғылым мен өнер түйісуіндегі жобалар әлемін көрсеткеніме ризамын", – деп бөлісті Дилан Морган.

Ол жасанды интеллект қоғамның дамуында орасан зор рөл атқаратынын атап өтті. Көптеген кәсіби салаларда ЖИ көптеген жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондықтан Морган мырза қазірден бастап балаларға және ересектерге бұл өзгерістерді қабылдауға көмек беру маңызды, өйткені технологиялық дамудың баламасы жоқ деп санайды.

"ЖИ ғылымның, технология мен медицина көкжиегін кеңейтеді. Жақын болашақта бізді ғажап ғылыми жетістіктер күтіп тұр деген ойдамын. Сондықтан, фестивальге балалардың, жасөспірімдердің және тұтас отбасылардың белсенді қатысуы шабыт береді. "Шеврон" дәстүрлі түрде STEAM бағыттарының дамуы мен үздіксіз білім беруді қолдайды. Болашақ энергетикалық компаниялар, ғылым мен технологиялар дәл осы жерде – фестиваль қатысушыларының арасында қалыптасады. Дәл осы жастар біздің ортақ болашағымызды жасайды. Сіздермен бірге осы жолдың бір бөлігі болу – зор құрмет", – деп сөзін түйіндеді Дилан Морган.

PRO.NRG Fest-2026: әрі қарай не?

PRO.NRG Fest-2026 мерейтойлық бағдарламасы Flow of Science ("Ғылым ағыны") тұжырымдамасымен өтті. Бұл концепция ғылымның мәнін көрсетеді бәрі қызығушылық тудыратын сұрақтан басталып, зерттеулер мен тәжірибелерге, бірлескен ашылуларға әкеледі, ал соңында адамдардың өмірін өзгерте алатын нақты нәтижелер пайда болады. 

Фестиваль қонақтары үшін дәстүрлі түрде жарқын әрі мазмұнды бағдарлама әзірленді: ғылыми-көпшілік лекциялар, паблик-ток форматындағы жанды пікірталастар, оқушылардың инженерлік жобалары және отбасылық ғылыми квесттер – бәрі ғылымды көрнекі, қолжетімді әрі ең бастысы қызықты етуге арналған.

Бүгінгі күннің өзінде маңызды әрі қуанышты жаңалықпен бөлісуге болады: PRO.NRG  бес жылдығы – бұл финал емес, жобаның өсіп дамып келе жатқандығының және болашақтың алғашқы кірпіштері қаланатын орын болуын жалғастыра беретіндігінің дәлелі. Фестивальде ұлттық идея болуға үміткер идея, қызығушылық, шығармашылық пен ғылым – ақылды, күшті, бәсекеге қабілетті мемлекеттің болашақ өкілдері - қазақстандық балалар өмірінің бір бөлігіне айналып келеді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау