Президент жұмыс тобының түзетулер жобасы туралы: Бұл – шын мәнінде жаңа Конституция

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы Жұмыс тобымен бірге конституциялық реформаға қатысты негізгі тәсілдерді талқылады.

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі

Президент институционалдық негізді терең жаңғырту және заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажет екенін айтты.

"Ертең Ұлттық құрылтай отырысында мен еліміздің тағдырына қатысты бұл мәселе бойынша нақты пікірлерімді айтамын. Нақтылай айтқанда, еліміздің сапалық тұрғыдан мүлдем жаңа саяси тұрпаты қалыптасып жатыр. Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірден бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болады. Сондықтан Ата заңымызға осыған дейін енгізілген өзгертулерді ескерсек, Жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкіндік береді", – деді мемлекет басшысы. 

Жиында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндап, Парламентті трансформациялауға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің көлемі ауқымды екеніне назар аударды. Ерлан Қарин Жұмыс тобы мүшелерінің ортақ пікірін жеткізіп, бұл өзгерістер саяси жүйені уақыт талабына сай жаңғыртуға ықпал ететінін айтты. 

Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев азаматтардан келіп түскен ұсыныстар негізінде Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы мүшелері әзірлеген басты тәсілдер туралы баяндады. Атап айтқанда, былтырғы қазан айынан бері өтіп келе жатқан отырыстарда жаңа Парламентке қатысты мәселелердің бәрі қаралды. Оның ішінде депутаттар саны, өкілеттік мерзімдері, сайлау тәртібі, бір палаталы Парламенттің заң шығару тетіктері, сондай-ақ оның биліктің өзге институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылды.

Парламентаризм институтының директоры Наталья Панның сөзінше, бірнеше ай ішінде саяси партиялардың барлығы, ондаған үкіметтік емес ұйым, бизнес-қоғамдастық өкілдері, құқықтанушы ғалымдар мен сарапшылар конституциялық реформаға қатысты өз бастамаларын жолдаған. Парламенттік реформадан бөлек, Жұмыс тобына азаматтардан мемлекеттік құрылымның жалпы мәселелері мен саяси және қоғамдық институттарды жетілдіруге қатысты 1,6 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті.

Парламент Мәжілісіндегі "Amanat" партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев және "Ақ жол" партиясының көшбасшысы Азат Перуашев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия" фракциясының басшысы Асхат Рахымжанов парламенттік реформа аясында жүзеге асырылатын конституциялық өзгерістердің ауқымды екенін мәлімдеді. Олар өңірлерде Парламент депутаттарының жұмыс кездесулері барысында азаматтардың алдағы саяси реформаға айрықша қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. 

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Отырысты қорытындылаған Мемлекет басшысы алдағы конституциялық реформаны талқылау басталғалы бері жарты жылға жуық уақыт өткенін еске салды. Осы кезең ішінде қоғамда елдің жоғары заң шығарушы органын трансформациялаудың мақсаттары мен міндеттеріне қатысты дұрыс түсінік қалыптасты. Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауынан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды мұқият қадағалап отырғанын жеткізді. 

Мемлекет басшысы талқылау нәтижесін, сараптама қорытындыларын, ұсынылған түзетулердің жобаларын, сондай-ақ конституциялық реформаға қатысты азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды егжей-тегжейлі зерделеуде.

Еске салайық, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауында бір палаталы парламент құруды ұсынып, оны талқылау үшін референдум өткізу туралы бастама көтерген болатын. Реформа бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жетекшілік етеді.  

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз