Тікелей эфир

Президент жол сапасының нашар болуы туралы: Саланы жемқорлық жайлаған

Ол халықтың ондаған жылдан бері жолдың жақсарғанын күтіп отырғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жол сапасының төмендігіне қатысты халықтың наразылығы орынды екенін айтып, аталған саладағы жемқорлық мәселесіне тоқталды. 

"Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жол салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды бастауды тапсырдым. Ол кемінде 12 мың шақырым автожолды қамтиды. Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күре тамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын – сапалы жолдармен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі көтеріледі. Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған. Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет бөлетін қаржының барлығы талан-таражға түспей, тек қана құрылысқа жұмсалуы керек. Бұл қазір басым міндет. Мәселен, Қызылорда – Жезқазған автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмысы бірқатар аймақтың, оның ішінде, жаңадан құрылған Ұлытау облысының дамуына тың серпін беруі керек еді. Бірақ жөндеу жұмыстары өте нашар жүргізілген. Халық ондаған жылдан бері жолдың жақсарғанын күтіп отыр", – деді президент. 

Мемлекет басшысы жол сапасын анық көрсететін тың тәсілдер ойластыруды тапсырды. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев Алматыдағы сейсмология институты туралы: 40 жыл жөнделмеген ғимаратта ғалымдар адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатыр


"Бір жағынан, еліміздегі автокөлік жолдарының жай-күйіне объективті мониторинг жүргізілуге тиіс. Нақты ахуалды айқын көрсететін тың тәсілдерді ойластырған жөн. Жол құрылысы және реконструкция жұмыстары кезінде барлық қажетті құзыретке ие, нарықтағы беделі мінсіз, жауапты отандық және шетелдік компаниялардың әлеуетін барынша пайдалану керек. Бұл іске ашықтан-ашық демпингпен айналысатын жалған компанияларды тартудың қажеті жоқ. Сапалы жол жалпыұлттық міндетке айналуы керек. Жолдың сапасы жақсармай, еліміздің дамуы туралы сөз қозғау мүмкін емес", – деді ол. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары