Қазақстанда сәуірде жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша ел президентіне деген сенім деңгейі 86,7 пайызды құрады. Президентке деген сенімнің ең жоғары деңгейі жастар арасында тіркеліп, 91,4 пайызға тең болды. Бұл туралы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты хабарлады.
"Бұл үрдіс сенім сипатының сапалық ерекшелігін көрсетеді. Жас буын мемлекет тарпынан ұсынылатын білім гранттары, түрлі бағдарламалар, цифрлық қызметтер және өзге де қолдау тетіктерін жиі пайдаланады. Сонымен қатар бүгінгі жастар елдің қарқынды даму кезеңінде қалыптасып келеді, бұл жағдай Президентке деген сенім деңгейіне де ықпал етпей қоймады", – делінген хабарламада.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, президентке деген жоғары сенім деңгейі қала тұрғындары (86,9%) мен ауыл халқы (86,7%) арасында да анық байқалады. Дегенмен сенімнің мән-мазмұны әртүрлі. Ауыл тұрғындары мемлекетпен инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік бағдарламалар мен төлемдер арқылы тікелей байланыс орнатса, қала тұрғындарының сенімі жүйелі өзгерістерді қабылдаумен және олардың нәтижелерін бағалаумен көбірек байланысты.
Ерлер де, әйелдер де президентке жоғары деңгейде сенім білдіреді. Соған қарамастан, әйелдер арасындағы сенім деңгейі ерлермен салыстырғанда 3,8 пайызға жоғары.
Білім деңгейі тұрғысынан жүргізілген талдау президентке деген сенім көрсеткішінде елеулі айырмашылықтарды анықтаған жоқ. Респонденттердің білім деңгейіне қарамастан, бұл көрсеткіш тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталуда.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, азаматтардың сатып алу қабілеті артқан сайын президентке деген сенім деңгейі де өседі. Бұл экономикалық жағдайды оң бағалау мен мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын қолдау арасындағы өзара байланысты аңғартады.

