Тікелей эфир

Президент: Қазақстанда жылқы шаруашылығы институты құрылады

Қазақстанда биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылданды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйледі. 

Президенттің айтуынша, қазір елде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. 

"Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылданғанын еске салып, Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды. 

"Білікті мамандар мұны көптен бері айтып жүр. Құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылауы керек", – деді мемлекет басшысы. 


Мемлекет басшысы форумда қозғаған өзге де мәселелер:

Серіктестер жаңалықтары