Тікелей эфир

Президент Ертіс өзенінің суын тиімді, үнемді пайдалану қажеттігін айтты

Соңғы үш жылда облыста суармалы жердің көлемі 1,5 есе артқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына сапары кезінде Ертіс өзенінің жағдайына назар аударды.  

"Павлодар өңірі үшін Ертістің орасан зор маңызы бар. Бұл өзен – осы өлкенің тұрғындары, кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы үшін негізгі тіршілік көзі. Соңғы үш жылда облыста суармалы жердің көлемі 1,5 есе артты. Алдағы уақытта оны тағы 2 есеге, яғни, 300 мың гектарға дейін ұлғайту қажет. Облыс әкімдігі осы мәселеге баса назар аударуға тиіс", – деді мемлекет басшысы.

Президент бұл орайда Үкіметке өңірдің суармалы алқаптарына бөлінетін қаржыны көбейтуді тапсырды.

"Бұл азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан ғана емес, халықты жұмыспен қамту үшін де өте маңызды. Судың тапшылығы экономиканы дамытуға кедергі келтіреді. Сондықтан, Ертістің суын тиімді, үнемді пайдалануға айрықша мән берілуі керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Павлодар облысы – ел экономикасының энергетикалық жүрегі


Сондай-ақ, мемлекет басшысы Павлодар мен Екібастұз жастары EcoStudentKZ республикалық экологиялық челленджін қолдап, студенттердің саябақтар мен гүлзарларды тазартқанынан хабардар екенін жеткізді.

"Қоршаған ортаға қамқорлық туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратындықтан, мұндай іс-шаралар көбірек болуы тиіс деп есептеймін.  Сондықтан менің ұсынысыммен Астана мен Алматы қалаларында «Қоқыссыз таза табиғат" атты жалпыұлттық акция басталды. Бұл игі іс табиғатқа немқұрайлы қарамайтын азаматтарды біріктіруге арналған.  Бұл бастамаға қоғамдық ұйымдар, азаматтық белсенділер, студенттер мен еріктілер қосылатынына сенімдімін", – деді президент.

Серіктестер жаңалықтары