Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Тазару күніне" орай ел халқына үндеу жасады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Бүгін «Тазару күніне» орай еліміздің әр түкпірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңіне жол ашатын ауқымды экологиялық акция басталды. Бұл – Наурызнама онкүндігінде айрықша орын алатын күн. Қоғамымыздың жаңғыруы күллі табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келіп отыр. Уақыт пен іргелі өзгерістердің осылай үндесуі баршамызға Отанымыздың игілігі жолында аянбай еңбек етуге айрықша күш-жігер беретіні сөзсіз", – деді мемлекет басшысы.
Президент республика аумағында «Мөлдір бұлақ» бастамасын жаппай жүзеге асыру қолға алынғанын айтты. Бұл жоба аясында бұлақтардың көзін ашып, тал егу, жағалаулар мен су айдындарын, аулалар мен саябақтарды тазалау жұмыстары жалғаса береді.
"Наурыз мейрамы кезінде қабылданған Жаңа Халық Конституциясында азаматтарымыздың табиғатқа қамқорлықпен қарауы ұлттық дүниетанымымыздың басты қағидатының бірі ретінде айқындалған. Жаңа Халық Конституциясы ел бірлігінің арқауы, рухани және құқықтық бағдарымыз әрі Тәуелсіздігіміздің мызғымас тұғыры болатыны күмәнсіз. Ата заңымыз қоғамда дүниетанымымыз бен бітім-болмысымыздың өзегі саналатын ынтымақ, жауапты әрі жасампаз отаншылдық, сондай-ақ «Таза Қазақстан» құндылықтарын қалыптастырады", – деді президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, «Таза Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасының түпкі мәні көшелерді, аулаларды және айналамызды таза ұстаудан ғана емес, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бастайтын ниет пен пейілдің тазалығынан көрініс табады.
"Қазір табиғат игіліктерін ұқыпты пайдалану және саналы тұтыну жолын таңдаған азаматтарымыздың саны артып келеді. Бұл – жарқын болашағымызға кепіл болатын игі үрдіс. Мен бүкіл халқымызды тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға шақырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
USD:
480.1 / 483.1
EUR:
554.5 / 559.5
RUB:
5.87 / 6.07