Ашық НҚА порталында Қазақстанда жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы жарияланды.
Жобаға сәйкес, магистранттар мен докторанттарды оқытуға арналған гранттардың құнын арттыру жоспарланған.
"Ғылыми кадрларды (PhD докторларын) даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы 5 мың грантқа ұлғаяды. Бұдан басқа, 2023 жылдан бастап резидентурада даярлауға арналған гранттар санын кезең-кезеңімен 70%-ға ұлғайту жоспарланып отыр. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары мен Ғылыми-зерттеу институты интеграциясы шеңберінде ҒЗИ базасында магистрлер мен PhD докторларын даярлау жалғасады", – делінген тұжырымдама жобасында.
Еске салайық, 2022-2023 оқу жылында PhD докторларын даярлауға 1890 грант бөлінген.
Оқи отырыңыз: Ғылым министрі ЖОО неліктен магистр мен доктор дайындаудан қашатынын түсіндірді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұған дейін биылдан бастап магистратура мен докторантура гранттарының құны артатынын мәлімдеді. Министр магистратура мен докторантура гранттарының құны кемінде бакалавриат құнымен теңесуі керек деп есептейді. Айтуынша, үш жылдың ішінде грант сомасы 1,5-2 млн теңгенің көлемінде болады.
Құжат жобасын Ашық НҚА порталында 3 наурызға дейін онлайн талқылауға болады.