Петропавлдың іргесіндегі тағы бір ауыл алапат судың құрсауында қалды

Фото: Рkzsk.info
Фото: Рkzsk.info
Аудан әкімі былтыр су астында қалған елді мекенге айналма жол салу мүмкін емес. Өйткені тасқын екі жағынан да ағып келеді деп отыр.

Петропавлдың іргесіндегі тағы бір ауыл алапат судың құрсауында қалды. Есіл өзені тасып, Прибрежный елді мекеніне жеткен, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Су жолдарды басып, қатынас үзілді. Соның кесірінен халық қалаға шыға алмай қиналды. Жұмыстан қалып, тіршілігі тұралаған тұрғындар шенеуніктерді сынға алды. 

Айтуларынша, былтырғы тасқыннан ақ жағалылар сабақ алмай, алдын алу жұмыстарын дұрыс жүргізбеген. 

Прибрежный ауылына баратын жолды су басып, құтқарушылар осы арнайы техникамен тұрғындарды тасымалдап жатыр. Биік техника жарты сағат сайын елді мекенге барып тұрады. Сол кезде ғана тұрғындар үйіне жете алады. 

Жұрт қалаға жаяу да, көлікпен де кіре алмай қалды. Айнала суға толған соң Сәлима Сәдуова жүгін буып-түюге кірісіпті. Себебі, баспанасы ауыл шетінде орналасқан. Зейнеткер қорадағы төрт түлігіне алаңдайды. 

Халықтың дені бар малын қауіпсіз жерге апарып тастаған. Жол жабылған соң ересектер жұмыстан, жастар оқудан қалғандарын айтады. Өйткені, халықтың тең жартысы күн сайын Петропавлға қатынайды екен. Жұрт жылда қайталанатын жағдайды реттей алмаған жергілікті билікке қапалы. Олар ауылдың арғы бетінен айналма жол салғанда мұндай қиындыққа тап болмас едік дейді. 

Ал аудан әкімі былтыр су астында қалған елді мекенге айналма жол салу мүмкін емес. Өйткені тасқын екі жағынан да ағып келеді деп отыр. Сондықтан құтқарушылардың көмегіне жүгінуден басқа амал жоқ дейді. 

Төтенше жағдай қызметкерлері осымен екінші ауыл аралда қалғанын айтады. Тасқын су үйлерге әлі кірмепті. Дегенмен қауіп әлі сейілмеді дейді мамандар.

Серіктестер жаңалықтары