Тікелей эфир

Петропавлдағы құрылыс дауы: Әкімдіктің мердігермен жасаған шартты бұзуы заңды ма?

Тараптар арасындағы даудың төрелігін сот айтады.

Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс дауы өршіді. Дау Петропавлда көпқабатты үйге инженерлік желілерді жүргізу мен аумақты абаттандырумен айналысқан компания мен тапсырыс беруші жергілікті әкімдік арасында туған, деп хабарлады 31 арна.

2021 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналып салынған тұрғын үйлерге сыртқы инженерлік желілерді жүргізу және аулаларды абаттандыру бойынша өткізілген тендерді алматылық "Мөлдір" ЖШС компаниясы жеңіп алған. Қызмет құны 1 миллиард теңгеден асады.

Компанияның директоры Ертай Ажайповтың түсіндіруінше, 2021 жылы жұмыс алаңы бос болмаған. Алты мердігер алты үй салып жатқандықтан, алаңда құрылыс материалдары мен құрылыс машиналары тұрған. Сөйтіп, компания тек 2022 жылы қыста ғана жұмысқа кіріскен. Алайда, стандарт бойынша қыста атқаруға келмейтін жұмыс түрлері болғандықтан, оларды кейінге қалдыруға тура келген.

"Мөлдір" ЖШС аяқтап үлгермеген инженерлік желілер

Биыл құрылыс материалдары мен жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты сметалық бағалар қайта есептелгенімен, тапсырыс беруші құрылыс компаниясы өте қысқа мерзім белгілейді.

"Біз құжаттарды алғанда онда бір нысан бойынша 4,5 ай, ал келесі нысан бойынша 5 ай мерзім белгіленген болатын. Алайда, тапсырыс беруші тарап бізге бір ай және барлық жұмыс көлемі үшін 15 күн ғана мерзім берді", – деді Ертай Ажайпов.

Дау осы тұста өршіп, сотта жалғасын тапқан. Әкімдік мердігермен келісімшартты бұзып, қазір мәселе сотта қаралып жатыр.  

Компания басшысының мәліметінше, "Мөлдір" ЖШС жылумен жабдықтау желілерін салу бойынша жұмыстарды 85 пайызға, сумен жабдықтау бойынша 90-95 пайызға, электрмен жабдықтау бойынша 90 пайызға, кәріз бойынша 90-95 пайызға, телефондандыру бойынша 70 пайызға аяқтаған. Келісімшарттың бұзылуына байланысты компания жұмысты толық аяқтай алмай, тиісінше ақы (шамамен 62 миллион теңге) алмағандықтан жұмысшылардың еңбекақысын төлей алмай отыр.

Тұрғын үй кешенінің ауласы

Тапсырыс беруші Петропавл қаласының әкімдігі компанияның атқарылған жұмыс үшін төлемақы толық төленгенін хабарлады.

"Жұмысшылардың еңбекақысы бойынша айтсақ, компания мен жұмысшылар бұл мәселені өзара шешуі керек. Әкімдіктің бұған еш қатысы жоқ. Орындалған жұмыс актілері бойынша "Мөлдір" ЖШС" толық төлемін алды", – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Жергілікті әкімдік қазір ҚР ІІМ "Еңбек" ҚАЖ республикалық мемлекеттік мекемесімен 850 млн теңгеге жаңа келісімшарт жасаған.

Серіктестер жаңалықтары