Тікелей эфир

Петропавлда зейнеткердің 100 миллион теңгесі ұрланды

Ұрылардың бірі әжейдің көңілін әңгімеге бұрса, екіншісі ақша ұрлаған.

Әжейдің 100 млн теңгесін жымқырған ұрыларды криминалист қорапта қалған аяқ іздері арқылы анықтады. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

2023 жылғы маусымда Петропавл қаласындағы пәтерлердің біріне қоңырау соғылған. Егде жастағы әжей есікті ашқан. Босағада суға арналған “Аквафор” сүзгісі құрылғысын тиімді жеңілдікпен орнатуды ұсынған екі жас жігіт тұрған. Ақкөңіл әжей шақырылмаған қонақтарды үйге еш алаңдамастан кіргізген.

Жас жігіттер уәде еткен жұмысты орындап, еш күдік тудырмаған. Әжей көрші бөлмеден ақша алып шығып, орнатқан құрылғы үшін төлем жасаған. Осы сәтте жігіттердің бірі ақша жасырылған жерді байқап қалған. Алаяқтар әжейді алдамақ болып, онымен әңгіме-дүкен құрған. Олардың біреуі әжейді сөзге айналдырса, екіншісі көрші бөлмеге өтіп, 100 млн теңге қаражатты жымқырған. Жігіттермен қоштасқан әжей ақшаның қолды болғанын сезбей қалды. Ақшаның ұрланғаны туралы бірнеше күн өткеннен кейін белгілі болды.


Оқи отырыңыз: Сарыағашта құс фабрикасынан 1800 жұмыртқа жымқырған жұмысшылар ұсталды


Құрамында криминалист бар полиция қызметкерлері оқиға орнына келген бойда қылмыстың мән-жайы туралы нақтылай бастады. Ербол пәтерді мұқият қарап шығып, алаяқтар қалдырған сүзгі құрылғысының қорабынан іздерді тапты. Іздер бойынша қылмыскерлердің жеке басы да анықталды. Олар Қостанай облысының тумасы болып шықты және біреуінің Петропавл қаласында тұрақты тұратыны белгілі болды. Криминалистің кәсіби іс-қимылы негізінде қылмыс қысқа мерзімде ашылды. Қаскөйлер ұсталып, ақшалай қаражаттың бір бөлігі әжейге қайтарылды.

Серіктестер жаңалықтары