Елдің солтүстігінде жүздеген азамат жүргізуші куәлігін ала алмай жүр. Себебі Петропавлдағы жалғыз автодромда жол тазартылмаған. Мұз болып қатқан аумақта тәжірибелік емтихан тапсырғандардың 90 пайызы сүрінген. Сондай-ақ олар жолдың бетіндегі белгілер мүлдем көрінбейтінін айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Бірнеше айдан бері жүргізуші куәлігіне қол жеткізе алмай жүргендерді бірі – Кристина Ушакова. Колледж студенті үш ай автомектепте оқыған. Бірақ теориялық білімін тәжірибе жүзінде іске асыра алмай қиналған. Себебі қаладағы жалғыз автодромның жолдары мұз болып қатқан, дейді бойжеткен.
"Автодромдағы жолдың жағдайы көңіл көншітпейді. Биікке көтерілетін жерде мұз қатып, көлікпен шыға алмай қаласың. Жолдағы белгілер қардан көрінбейді. Сөйтіп емтиханды тапсыра алмадым", – деді Петропавл қаласының тұрғыны Кристина Ушакова.
Оқи отырыңыз: Өзбекстанда жүргізуші куәлігі не әскери билетпен әуе рейсіне тіркелуге рұқсат берілмек
Тәжірибелік емтиханды тапсыруға келгендердің 90 пайызы бірнеше рет сүрінгенін айтады. Мысалы қаңтар айында 300 адамның тек 30-ы жүргізуші куәлігін алған. Ал мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жолдың талапқа сай келмеуі мердігер компанияның жауапсыздығынан деп түсіндірді.
"2023 жылы бізде басқа мердігер болды. Олар өздерінің жұмысын толықтай атқармады. Қар жауған кезде ақ ұлпаны уақытында тазартса, мұндай жағдай болмас па еді деп ойлаймыз", – деді СҚО Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Жақсылық Кенбай.
Бұрынғы мердігермен келісімшартты бұзып, басқа компаниямен отырған орталық басшылығы кейбір олқылықты реттейміз деп сендіреді. Бірақ бәрін бірдей шешуге қауқарсыз. Мысалы, қыстың басында қатқан мұзды ойып алу өте қиын.
"Біз реагенттерді сатып алдық. Бірақ құм-тұз қоспасын төгіп тастағаннан пайда жоқ. Себебі мұз күннің көзі шыққанда ғана ериді. Ал орталық қаланың шетінде болғандықтан жауған қардың бәрі осында үйіледі. Сол себепті жолды жиі тазалап тұру керек. Жағдай сонысымен де қиын", – деді мердігер компания өкілі Қанат Мұқашев.
Оқи отырыңыз: Сенатор: Автонесие халық сұранысын да өтемеді, автоөндірісті де дамытпады
Айта кетейік, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының автожолағын күтіп-ұстауға 6 миллион теңге бөлінген. Тендерді ұтып алған компания қысы-жазы автодромды тазалап, үздіксіз жұмыс істеп тұруына жауапты.