Тікелей эфир

Павлодар облысындағы өрт: Қырылған малдың шығынын кім өтейді?

Арнайы құрылған комиссия 78 бас мал қырылды деп есеп берген.

Павлодар облысы Әлкей Марғұлан ауылында өрісте жүрген 500-ден аса қой мен ешкінің тең жартысы тірідей жанып кетті. Төрт түлік малдың иелері арнайы құрылған комиссияның 78 бас қана қырылды деген есебімен келіспейді. Айтуларынша, күн сайын 40-50 ірі және ұсақ мал өліп жатыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Ауыл тұрғыны Тілеубек Шәкейдің 100-ге тарта малы қырылып қалған. Айтуынша, қырда ауыл халқының 557 бас қой-ешкісі жайылып жүрген. Өрттің жақындап қалғанын ешкім ескертпей, сол малдың тең жартысы өлген. Сондықтан ауыл халқы мемлекеттен өтемақы сұрайды. 

"Шығын 17 миллионнан асса, орнына қоятындарын айтады. "17 миллионға жетпейді екен, онда біз білмейміз" деп кетті. Күнде 10-20 бастан қырылып жатыр. Өлген малды қайта орнына қойып берсін деген өтінішіміз бар. Қазір осындағы отбасылар мал бағып қана күн көріп отыр. Ауыл тұтас малға қарап отыр", – деді Әлкей Марғұлан ауылының тұрғыны Тілеубек Шәкей. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда мал ұрлығы күз бен қыста көбейеді – сараптама


Ауылдың 25 шақырым жерінің неден өртенгені белгісіз. Мамандар найзағайдан болуы мүмкін екенін айтады. Қатты жел салдарынан қызыл жалынды бірден ауыздықтай алмаған. Ал Екібастұз қалалық әкімшілігі арнайы құрған комиссия әлі де тексеріс жүргізіп жатқанын хабарлады. 

"Қазір кешенді тексеру жүріп жатыр. Бұл үшін арнайы комиссия құрылды. Құрамына қала әкімінің кеңесшісі, ауыл шаруашылығы бөлімінің, жер қатынастары бөлімінің басшысы және ТЖ басқармасының бастығы мен ауыл әкімі кіреді. Тексеріс аяқталғаннан кейін өтемақы жағы қарастырылады", – деді комиссиядағылар. 

Тұрғындар жергілікті билік өтемақы төлеп бермесе, үкіметке хат жолдаймыз деп отыр.

Серіктестер жаңалықтары