Павлодар облысы Майқайың ауылындағы жеке тұрғын үйден мумияланған екі мәйіт табылды. Жантүршігерлік оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Алдын ала болжам бойынша, марқұмдардың бірі – 36 жастағы әйел – екі жыл бұрын, ал екінші мәйіт, оның әкесі, шамамен бес ай бұрын көз жұмған болуы мүмкін. Мүрделердің ұзақ уақыт бойы жатқанын олардың жағдайынан аңғаруға болады.
Оқиға болған үй қазір қоршауға алынып, жедел-тергеу тобы жұмыс жүргізуде. Полиция өкілдерінің мәліметінше, марқұм әйел қатерлі ісікпен ауырған. Дәрігерлер өткен аптада тұрғынның жағдайын білуге келген кезде үй иесі оларды ішке кіргізбей, қарсылық көрсеткен. Кейін тәртіп сақшылары баспанаға кіріп, әйелдің денесін және ауладағы екінші үйден ер адамның мәйітін анықтаған.
Алдын ала нұсқа бойынша, қарт әйел күйеуі мен қызына төленетін зейнетақы мен жәрдемақыдан айырылып қалмау үшін мәйіттерді үйінде сақтауы мүмкін. Сондай-ақ отбасының сектаға қатысы бар деген әңгіме де тараған, алайда полиция бұл ақпаратты әлі тексеріп жатқанын мәлімдеді.
Осы факт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу жүргізіліп жатыр, – деді Павлодар облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Белялова.
Аталған үйде 6 жасар қыз да тұрғаны белгілі болды. Қайтыс болған 36 жастағы әйел оның анасы екені анықталған. Қазіргі уақытта бала медицина мамандарының бақылауына алынған.
Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенова бүлдіршіннің жағдайы тұрақты екенін айтты. Оның мектепке бармағаны, мектепалды даярлық сыныбына да қатыспағаны белгілі болған.
Жауапты органдар қызды Екібастұз қаласындағы балаларды қорғау орталығына орналастыруды жоспарлап отыр.
Марқұмдардың нақты неден көз жұмғаны сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады. Тергеу жалғасып жатыр.
USD:
460.1 / 462.7
EUR:
541.5 / 546.5
RUB:
5.95 / 6.07