Тікелей эфир

Павлодар облысында Абай атындағы мешіт ашылды

50 адамға арналған мешітті кәсіпкер, Голубовка аулындағы "Абай" ААҚ директоры Николай Миллер салдырды.

Павлодар облысы Ертіс ауданының Голубовка ауылында рухани келісім күніне орай күні екі бірдей құлшылық орны ашылды, деп хабарлайды ҚМДБ

Бірі – православиялық шіркеу, екіншісі хакім Абай атымен аталатын – "Абай" мешіті. Құлшылық орындарының ашылуына облыстың бас имамы Жолдас Бертымұратов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Дәулет Закариянов, Павлодар және Екібастұз эпархиясының басшысы Эпископ Варнава, Ертіс ауданының әкімі Аян Бейсекин және тұрғындар қатысты.

"Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Олай болса, біз таза діни істерден өзге осындай ұлы мұраттарды да нысана етуіміз керек. Өйткені адам баласы қайырлы да ізгі амалдарымен ғана жаратушыға жақындайды. Қасиетті құранда: "Бір-бірлеріңе ізгі істерде, тақуалықта көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар..." делінген. ("Мәида" сүресі, 2-аят). Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық – тұғырымыз. Бүгінгі берекелі күнге бірліктің арқасында жеттік. Елдің әлеуметтік-экомикалық көрсеткіші халықтардың өзара татулығы негізінде дами түсетіні түсінікті. Ел басқарған парасатты басшылар қашан да бірлік пен татулыққа аса мән берген. Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, тәуелсіздігімізді баянды еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай!" – деді облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы.

Салтанатты шараға қатысқан барлық ресми өкіл кезегімен сөз алып, халықты береке-бірлікке шақырса, ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, ақжаулықты аналар шашу шашып, ізгі ниеттерін білдірді.

Батыс елдерінің сәулет үлгісімен салынған "Абай" мешітінің сыйымдылығы 50 адамға арналған. Мешіт құрылысын салып халыққа тарту еткен кәсіпкер, Голубовка аулындағы "Абай" ААҚ директоры – Николай Миллер.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары