Тікелей эфир

Парламент пен атқарушы биліктегі әйелдердің үлесі қанша?

Орталық аппаратта екі әйел министр, 15 әйел вице-министр қызметін атқарады.

Атқарушы билік органдарында қызмет ететін әйелдердің үлесі төмен. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференцияда айтты.

"2023 жылға қарай Қазақстандағы атқарушы, өкілдік органдарда, сот органдарында, мемлекеттік және квазимемлекеттік, корпоративтік секторлардағы әйелдердің үлесі – 25 пайызды, 2030 жылы 30 пайызды құрауы керек. Қазіргі таңда Қазақстан Парламентіндегі әйелдердің үлесі – 24,3 пайызды, Мәжілістегі үлесі – 27 пайызды, облыс, қала және аудандық мәслихаттардағы үлесі 30,5 пайызды құрайды", – деді Елена Тарасенко.

Ұлттық комиссия өкілі әйелдердің атқарушы билік деңгейіндегі үлесі төмен екенін айтады.

"Орталық аппаратта екі министр, 15 вице-министр бар. Облыс әкімінің орынбасары қызметінде бес әйел ғана, аудан әкімі лауазымында төрт әйел ғана отыр. Ал ауыл әкімі болып отырған әйелдердің саны көп. Яғни, шешім қабылдау деңгейі төмен болған сайын, әйелдердің белсенділігі байқалады", – деді Елена Тарасенко.


Оқи отырыңыз: Tozbe авторлары: Әйелдер ғана емес, балалар мен ерлердің де зорлық-зомбылыққа төзбегенін қалаймыз


Ұлттық комиссия өкілінің айтуынша, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің "А" корпусының 10 пайызы, "Б" корпусының 56 пайызы, саяси мемлекеттік қызметкерлер қатарының 9 пайызы – әйелдер.

"Яғни, әлі дамуды қажет ететін бағыт бар. Дегенмен, саннан бұрын сапа маңызды екенін айта кету керек. Сапа үшін резерв дайындауымыз керек. Ол үшін бізге саяси көшбасшылық тренингтері мен мектептерінде білім алу қажет", – деді Елена Тарасенко.

Серіктестер жаңалықтары