Тікелей эфир

Париж Олимпиадасының жүлдегерлері магистратура мен докторантура грантына ие болды

Олимпиадада жүлде алған үш спортшы Қазақ спорт және туризм академиясында тегін білім алады.

Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Демеу Жадыраевқа докторантурада, Нариман Құрбанов пен Ғұсман Қырғызбаевқа магистратурада тегін білім алуға мүмкіндік беретін Академия грантын табыс етті, деп хабарлады академияның баспасөз қызметі. 

Білім гранттары академияның бірінші курс студенттерін қабылдау рәсімінде табысталды. Ерекше атап өтер жайт, Париж Олимпиадасында ел қоржынына түскен жеті медальдің бесеуін Қазақ спорт және туризм академиясының түлектері иеленген. Олар – Демеу Жадыраев, Нариман Құрбанов, Ғұсман Қырғызбаев, Назым Қызайбай, Ислам Сәтбаев. Олардың есімі академияның Құрмет тақтасына алтын әріппен жазылады. 

Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов және Олимпиада жүлдегерлері мен бапкері

Салтанатты рәсімге қатысқан Грек-рим күресінен күміс алған Демеу Жадыраев, спорттық гинастикадан күміс жүлдегер Нариман Құрбанов, дзюдодан қоланы қанжығалаған Ғұсман Қырғызбаев және оның бапкері, Қазақ спорт және туризм академиясының аға оқытушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ермек Насиев оқуға жаңадан қабылданған 1-курс студенттері мен өзге де ізбасарларына ақыл-кеңестерін айтты. 


Оқи отырыңыз: Жүкті спортшы, "киллер" мерген, интерсекс боксшы. Париж Олимпиадасының қызықтарына шолу


Шара аясында Қазақ спорт және туризм академиясының Президенті Қайрат Закирьянов Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне білім гранттарын табыстады. 

"Тәжірибе жүзінде білген-түйгенімізді енді теориямен ұштастыруға, ғылыми тұрғыда ізденуге мүмкіндік берген, өзім оқыған академия басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Ал, артымыздан еріген жас өрендерге сәттілік тілейміз. Алға қойған мақсаттарыңа жетуден ешқашан шаршамаңдар", – деді Олимпиаданың күміс жүлдегері Демеу Жадыраев.  

Олимпиаданың күміс жүлдегері, Қазақ спорт және туризм академиясының докторанты Демеу Жадыраев

Ғылым және жоғары білім министрлігі, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан "Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісі, куәлігімен Бокс және ауыр атлетика кафедрасының аға оқытушысы Хамит Бараев, "Үздік оқытушы" төсбелгісімен Жақсыбек Жүнісбековті, Людмила Өмірзақованы, Қалимаш Жанғанатованы марапаттады. 

Айта кетейік, биыл Қазақ спорт және туризм академиясына мыңнан аса студент қабылданды. Олардың арасында бокстан әлем чемпионы Қасымбек Толғанай, таэквондодан әлем чемпионы Сүндетбай Айдана,  каратэден әлем чемпионы Сырым Айбек, джиу-джитсу және грэпплингтен әлемнің 8 дүркін чемпионы Жібек Құлымбетова және басқа да жас спортшылар бар. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары