Ырысқали Дәуренбек "Отандастар қоры" КеАҚ президенті болып тағайындалды. Бұл туралы қордың жалғыз акционері – Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ырысқали Дәуренбек – "Отандастар" қоры құрылғалы бері тағайындалған төртінші президент. Қордың тұңғыш президенті Нұртай Әбіқаев болса, кейін Абзал Сапарбекұлы қорға екі жыл жетекшілік етті. Данияр Қадыров та екі жылдан астам уақыт "Отандастар" қорының президенті болды.
Дәуренбек Ырысқали 1963 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын бітірген.
Дипломатиялық мансабын 1993 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Консулдық басқармасының референті лауазымынан бастаған. Әр жылдары ҚР СІМ Орталық аппаратында, сондай-ақ Қазақстанның Германия мен Швейцариядағы шетелдік мекемелерінде басшылық лауазымдарда қызмет атқарған.
2020-2021 жылдары Қазақстанның Омбы қаласындағы (Ресей Федерациясы) Бас консулы лауазымынатқарған. 2021-2024 жылдары Қазақстан Республикасының Германия федеративтік республикасындағы елшілігінің Бонн қаласындағы бөлімшесінің кеңесші-уәкілі қызметін атқарған.
"Отандастар қоры" КеАҚ президенті болып тағайындалғанға дейін ол Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.
"Құрмет" орденімен, сондай-ақ "Шапағат" және "ҚР сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін" медальдарымен марапатталған. II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесіне ие.
Неміс тілін меңгерген.
Қанат Ислам Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызметке тағайындалды
Токиода Азия қазақтарының құрылтайы өтті