Өскеменде қызмет барысында қаза тапқан полицейлерге арналған мурал ашылды

Фото: polisia.kz сайтынан
Фото: polisia.kz сайтынан
Қоғамдық тәртіп жолында жан қиған полицейлерге Өскеменде ерекше құрмет көрсетілді.

Өскеменде қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейлерге арналған мурал ашылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінің қабырғасына салынған бұл арт-нысан облыстық полиция департаментінің бастамасымен және қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Композицияның орталық бейнесі – "Ер есімі – ел есінде" деген жазуы бар полиция қызметкерінің силуэті. Бұл тұрақтылықты және қызметке адалдықты бейнелейді. Мурал Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында борышын атқару барысында қаза тапқан 29 шығысқазақстандық полицейдің рухына арналды.

"Әрбір қызметкер үшін бұл арт-нысан жай ғана символ емес, бұл – міндет. Біз азаматтардың сенімін нығайтып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, заңды қатаң сақтамай, заманауи әрі өркендеген қоғам құру мүмкін емес. Біздің басты мақсатымыз – әрбір шығысқазақстандық пен облысқа келген қонақ өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру. Полиция әрдайым жанында болып, қорғауға дайын екенін көрсетуі тиіс", – деді ШҚО полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков.

Фото: polisia.kz сайтынан

Ашылу рәсіміне полицейлердің туған-туыстары да қатысты. Қызметкерлердің жұбайлары полиция департаментінің олардың отбасыларын назардан тыс қалдырмай, жылдар бойы қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

Қаза тапқан полицейлердің есімдері мен ерліктері ішкі істер органдарының тарихына мәңгілікке жазылып, батылдықтың, антына адалдықтың және кәсібиліктің үлгісі болып қала береді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары