
Өскеменде 80 жастан асқан тұрғындар енді трамвайда 50 теңге жолақы төлеуге міндеттелді. Бұған дейін олар қоғамдық көлікте тегін жүре алатын.
Әкімдіктің хабарлауынша, тексеру барысында трамвай кәсіпорны заңда көзделмеген жеңілдіктерді өз бетінше енгізіп, бұл құқықтық талаптарға қайшы келгені анықталған.
"Заң бойынша кәсіпорынның мұндай құқығы жоқ. Қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу кезінде жеңілдіктер ала алатын азаматтардың барлық санаты қолданыстағы заңнамаға және жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне сәйкес айқындалады", – деп түсіндірді әкімдік.
2021 жылғы қаулы мен мәслихат шешіміне сәйкес, 80 жастан асқандар үшін жолақы 50 теңге болып белгіленген. Қазіргі уақытта тек көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын оқушылар ғана қоғамдық көлікте тегін жүре алады.
Сонымен қатар, әкімдік жеңілдік санаттарын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Атап айтқанда, 80 жастан асқан азаматтарға тегін жүру құқығын қайтару мәселесі қарастырылуда", – делінген ресми хабарламада.