Қазақстандағы орташа жалақы мөлшері 364 мың теңгеден асқан. Дегенмен, көп аймақта халық табысы республикалық көрсеткіштен біраз төмен, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл, сонымен қатар Түркістан облыстарында орташа жалақы мөлшері 300 мыңға да жетпейді. Жетісу өңірінде де бұл көрсеткіш шамамен 269 мың теңгені ғана құраған. Ал ең жоғары орташа табыс мөлшері бойынша 607 мың теңгемен Атырау облысы көш бастап тұр. Одан кейін Маңғыстау облысы, онда орташа жалақы шамамен 535 теңгені құрайды. Табысы жақсы аймақтар тізімінде Ұлытау облысы да бар. Ондағы орташа жалақы мөлшері 484 мың теңгеге жуықтайды.
“Ұлттық статистика бюросы орташа жалақы туралы ақпаратты экономикалық қызмет түрлері немесе кәсіпорындар, ұйымдар ай сайын, тоқсан сайын ұсынған есептен статистика түрінде топтастырады. Жалақы мөлшерін шығару үшін кәсіпорын көрсеткен соманы қызметкерлер санынан бөлеміз. Сонда бір қызметкерге есептелген орташа мәні анықталады. Бұл жерде қызметкерлердің барлық жалақысы ескеріледі. Демек, басшыдан бастап, ең төменгі қызметкердің айлығын қоса есептейміз”, – деді Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы Гүлнұр Ахметқали.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда орташа айлық жалақы – 340 636 теңге. Стратегиялық жоспарлау агенттігі оның қалай есептелетінін түсіндірді
Бас сарапшы бүгінде қандай мамандықтардың табысы жоғары екенін айтты.
“2023 жылдың қорытындысын алсақ, елімізде басшылардың жалақысы жоғары болып келеді. 615 мың теңгені құраған. Ол 22 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өскен. Сонымен қатар өнеркәсіп, құрылыс, көлік саласындағы қызметкерлердің жалақысы 410 мың теңге, бұл өткенмен салыстырғанда 19,7 пайызға жоғары. Кәсіби мамандардың да айлығы жоғары көрсеткішке ие. 23 жылы 406 мың теңге болып, 16,7 пайызға өскен. Ал ең жоғары өсімге келсек, мұнда фермерлер мен ауыл шаруашылығы жұмысшыларының жалақысы едәуір жоғарлаған. 2023 жылы 222 мың теңге, бұл өткенмен салыстырғанда 26,7 пайызға өскен. Сонымен қатар біліктілігі жоқ қызметкерлердің де жалақысы өскен. 150 мың теңге. Демек, 19,7 пайызға өскен”, – деді сарапшы.