Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары өрт сөндірушілерге кедергі келтірген көліктер мен тосқауылдарды жою кезінде оларды зақымдауға заң жүзінде рұқсат беру бастамасын көтерді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ұсынысқа сәйкес, төтенше жағдай кезінде құтқарушыларға жолды бөгеген көліктерді алып тастау, қажет болған жағдайда шлагбаум, дарбаза және өзге де кедергілерді бұзып кіруге құқық беру қарастырылып отыр. Депутаттардың пікірінше, бұл өзгерістер адам өмірін сақтап қалу үшін уақыт жоғалтпауға мүмкіндік береді.
Құтқару саласында 11 жыл еңбек етіп жүрген мамандардың айтуынша, көпқабатты үйлердің аулаларында дұрыс қойылмаған көліктердің кесірінен өрт орнына жету жиі қиындайды. Кей жағдайларда арнайы техниканың кідірісі қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел штаб бастығы Ғалымжан Есполовтың айтуынша, эвакуатор қолданылғанымен, ол қосымша уақыт алады, ал төтенше жағдайда әр секунд маңызды.
Депутат Олжас Құспековтің айтуынша, төтенше жағдай кезінде құтқарушылардың әрекеті салдарынан мүлікке келтірілген залал үшін мемлекеттен өтемақы төленбеуі мүмкін. Сонымен бірге жеке және бизнес сектор үшін міндетті сақтандыру тетігін енгізу ұсынылуда.
Қоғам өкілдері де тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде автотұрақ талаптарын күшейту қажеттігін айтуда.
Бұл мәселе Астана қаласында 12 сәуірге қараған түні болған, үш баланың өмірін қиған өрт оқиғасынан кейін қайта күн тәртібіне шықты. Сол кезде құтқарушылардың жолдағы көліктерге байланысты уақыт жоғалтқаны айтылған.