Жыл басынан бері Қазақстанда пиротехниканы қолдану және оның айналымына қатысты талаптарды бұзған 251 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 237 адам пиротехникалық бұйымдарды елді мекендерде қолданғаны үшін жазаланған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
ІІМ мәліметінше, пиротехникаға қатысты құқық бұзушылықтардың ең көп саны ірі қалаларда тіркеледі.
"Жыл басынан бері Астанада 74 адам, ал Алматыда 58 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тағы 14 адам пиротехникалық бұйымдарды сақтау, пайдалану, тасымалдау және сату тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылды", – делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды, әсіресе көпқабатты үйлердің аулаларында түнгі уақытта отшашу ұйымдастырмауға шақырды.
"Сертификатталмаған пиротехниканы пайдалану және қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамау ауыр жарақаттарға және өртке әкелуі мүмкін", – делінген ІІМ хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, полиция қызметкерлері өртке қарсы қызмет мамандарымен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр. Пиротехникалық бұйымдарды жеткізушілер, қоймалар, базарлар мен сауда орындары тексерілуде.
ІІМ тағы бір маңызды мәселе – тыныштықты сақтау екенін атап өтті. Жыл басынан бері елімізде 79 мыңнан астам тыныштықты бұзу фактісі анықталған. Оның ішінде 78 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде жол апатынан кейін Республика күніне арналған концерт пен отшашу өтпейтін болды
Полиция азаматтарды мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Ведомство пиротехникалық бұйымдарды тек сертификатталған жерлерден сатып алып, оларды қолдану кезінде айналадағы тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын ескеруге кеңес берді.
Елді мекендерде пиротехниканы қолдануға белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Заңнамада мерекелік күндерге, соның ішінде Жаңа жыл түніне қатысты ерекше жағдай қарастырылмаған.