Тікелей эфир

Оралда жедел жәрдемге жаңа көліктер берілді

Бұл көліктердің кілті БҚО-дағы медициналық ұйымдарға табыс етілді.

Жедел жәрдем көлігін сатып алуға жергілікті бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Су жаңа техника аудандар мен қалалық емханаларда қолданылады. Санитариялық темір тұлпарлардың кілтін облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің өзі табыс етті.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында ұлт денсаулығы жақсы болса, қоғамның орнықты дамитынын баяндап, медицина саласында қордаланған мәселелерді шешуге аса мән берген еді. Осыған орай денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат жылдан-жылға көбейіп келеді. Биыл облыс бойынша халық денсаулығын сақтау саласына 91 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Былтырмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 20 миллиард теңгеге артты. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық жерлердегі тұрғындарға алғашқы санитарлық көмек көрсету, сапалы қызмет ұсыну мақсатында 12 медициналық нысанның құрылысы басталды. Соның алтауы халық игілігіне тапсырылды. Қалғандары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Медициналық мекемелердегі автокөліктерді жаңарту үшін биыл облыстық бюджеттен 1 миллиард 712 миллион теңге бөлініпті. Бұл ақшаға 81 санитарлық автокөлік сатып алынған. Бүгін 21 көліктің кілтін табыс етеміз. Қалған көліктер жыл соңына дейін жеткізіліп, тиісті мекемелерге таратылады", – деді аймақ басшысы Нариман Төреғалиұлы өз сөзінде. 

Көліктердің әрқайсының құны 20 миллион теңге тұрады. Әкім мемлекеттен қыруар қаражат бөлініп, алынған техниканы енді мұқият күтіп ұстау қажет деп тапсырды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов әр ауданға бұл көліктер төрт-төрттен бөлініп беріледі деп мәлімдеді. Бүгінде БҚО-да медициналық санитарлық автокөліктердің 80 пайызы ескірген. Медициналық автокөлікке деген қажеттілік – 154 бірлік.


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова: Ауыл медицинасының деңгейін арттыруға басымдық беріліп отыр


Денсаулық сақтау саласында медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында биыл 261 жаңа құрал-жабдыққа ақша бөлініпті. Қазіргі кезде 200-ге тарта құрал алынған. Ал алдағы жылға жоспар бұдан да ауқымдырақ. Себебі "ҚПО б.в." компаниясының қаражаты есебінен 25,3 миллиард теңгеге медициналық құрал-жабдық сатып алу жоспары бар. Бұл жоспар орындалса денсаулық сақтау саласының деңгейі алға өрлеп, көрсетілер қызмет сапасы да оңалады деген сенім бар.

Серіктестер жаңалықтары