Тікелей эфир

Оралда өңірлік қоғамдық ұйымдардың XI азаматтық форумы өтті

Соңғы 4 жылдың ішінде 21 үкіметтік емес ұйым жұмысы жоғары бағаланған БҚО республика бойынша жақсы нәтиже көрсеткен облыстардың қатарына енді.

"Инклюзивті мемлекеттік саясат-азаматтық қоғамның үлесі" тақырыбында өткен бұл форумның пленарлық отырысына үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдері, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, арнайы келген қонақтар – Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық  даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары – Перизат Сәдуақас арнайы қатысты. Бұдан бөлек, көрші облыстан келген қонақтар да болды.

"Азаматтық қоғамды дамыту, билік пен қоғамның бірлестігі мен әріптестік саясатына қатысты мәселенің барлығы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үнемі назарында. Қазақстан Республикасы президентінің "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасындағы маңызды тетіктердің бірі – қоғам атынан сөйлейтін үкіметтік емес ұйымдар  мен билік арасындағы алтын көпір болып табылады. Үкіметтік емес сектордың қоғамдағы үлес салмағын көбейту, олардың белсенді жұмысына барынша қолдау көрсету жергілікті әкімшіліктің мүддесі. Себебі, бұл бағыт Әділетті Қазақстан құру жолындағы зор тетіктердің бірі. Қоғамдағы тұралап қалған салалардың бойына қан жүгіртіп, күрмеуі көп күрделі мәселелердің шешілуіне үлес қосып жүрген – осы қоғамдық ұйымдар. Олардың басын біріктіріп, қызметін шыңдайтын Азаматтық форумдар – азаматтық қоғам дамуының көрсеткіші ретінде сындарлы сұхбат пен құнды ұсыныстар айтылатын диалог алаңына айналып отыр", – деді форумда сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы. 

Облыстағы азаматтық қоғамды дамытуда өңірлік үкіметтік емес бірлестіктердің ірі шетелдік ұйымдармен ынтымақтастығы маңызды рөл атқарады. Олардың шеңберінде әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға гранттар бөлінеді. Мысалы, соңғы екі жылда "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығынан" он батысқазақстандық үкіметтік емес ұйым грант ұтып алып, жобаларды жүзеге асырды. Солардың қатарында "Батыс-Қамқор" жастар қоғамдық бірлестігі биыл да "Шелл" компаниясының гранты негізінде әлеуметтік жобаны облысымызда жүзеге асыруда. Қоғамдық бірлестік төрағасы Әділет Берікқалиев жоба бойынша қолға алынған жұмыстарды атап өтті.

Өңірде мұндай форум осымен он бірінші рет өткізіліп отыр. Азаматтық қауымдастық – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Олар тек қана облыс орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де маңызды мәселелерді шешуге ат салысуда. 

"Осыдан 20 жыл бұрын алғашқы форум өткен болатын. Одан бері көп өзгеріс болды. Біз биыл Қазақстанды аралап, әр өңірде форумдар өткізіп келе жатырмыз. Біріншісі – Жетісу өңірі, Талдықорғанда өтсе, кейін Алматыда үкіметтік емес ұйымдармен бас қостық. Екі форумда жақсы өтті. Мінекей, енді сіздермен жүздесіп отырмыз. Азаматтық қоғам дамыса – ел дамиды, мемлекет өркендейді. Кешеден бері қаланы аралап көрдік. Тазалыққа көңілім толып отыр. Бұл биліктің жұмысы мен халықтың мәдениетінің көрінісі деп білемін", – деген Қазақстанның Азаматтық альянсы президенті Бану Ғаниқызы форумға қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Белсенді жұмыс жүргізіп, халықтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге атсалысқан үкіметтік емес ұйымдарға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жыл сайын сыйақы тағайындап отыр. Өткен жылы аталған сыйақы БҚО-да белсенді қызмет атқарған 3 ұйымға берілсе, 2 үкіметтік емес ұйым алғаш рет өткізілген "Таңдау" сыйлығының иегері атанды. 

"Биыл Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық қаржыландыру операторымен бірлесіп, 25 млн теңге көлемінде 3 жобаға конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Грант Батыс Қазақстан облысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және ауыл жастарын қолдауға арналған іс-шаралар кешенін ұйымдастыруды қамтиды", – деп атап өтті өңір басшысы. 

Соңғы 4 жылдың ішінде 21 үкіметтік емес ұйым жұмысы жоғары бағаланып, өңіріміз республика бойынша жақсы нәтиже көрсеткен облыстардың қатарына енген болатын. Жиында үкіметтік емес ұйым басшылары, кәсіпкерлер өз ойларын ортаға салып, ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Өзекті мәселелер жайында айтылып, оларды азаматтық қоғаммен бірлесе шешу жолдары туралы сөз қозғалды.

Белсенді жұмыс жасап, халықпен етене атқарылған істерімен көрінген қоғамдық бірлестік төрағаларына БҚО әкімнің алғыс хаты мен Қазақстанның Азаматтық альянсы атынан марапаттар табысталды.

Серіктестер жаңалықтары