Тікелей эфир

Оралда 700 адамға жұмыстан айырылу қаупі төніп тұр

Батыстағы зауыт мәселесі бойынша заңгерлер Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді.

Орал қаласындағы "Кублей" консервіленген ет өнімдерін шығаратын зауытына қатысты сот ісі басталғалы екі жылдан астам уақыт өтті. Қазіргі таңда зауытқа жабылу қаупі төніп тұр. Егер зауыт жабылса, оның жеті жүзге жуық қызметкері жұмыссыз қалады. Бұл туралы адвокат Бақытжан Базарбек Алматыда өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

"Әлеуметтік желіде бұл "Кублей" консерві зауыты мен құрылыс иесі арасындағы сот ісі деген жаңсақ ақпарат тарап жатыр. Анығында бұл Орал қаласы әкімдігінің басқармалары тарапынан жіберілген заңсыздықтардан туындап отырған мәселе", – деді адвокат Бақытжан Базарбек.

Еске салайық, шамамен үш жыл уақыт бұрын жергілікті атқарушы орган дәл зауыт жанынан көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат берген. Мұндай төрт үйдің үшеуі зауыттың санитарлық-қорғау аймағына еніп кеткен. Бұған байланысты зауыт басшылығы тарапынан шағым түсіп, оған қатысты сот шешімі шыққанға дейін үйлердің біреуі пайдалануға беріліп үлгерген.

Сот барысында қала әкімдігі тарапынан бірқатар заңсыздықтар анықталып, жауапты тұлғалар әкімшілік жазаларға тартылғанына қарамастан, қазіргі таңда сот ісі әлі жалғасып жатыр. Алғашқы екі кассация зауыт пайдасына шешілгеннен кейін Жоғарғы сот істі алғашқы инстанцияға қайтарған. Егер қалған үш тұрғын үй пайдалануға берілетін болса, онда зауыт өндіретін өніміне сәйкестік сертификатынан айырылады. Сәйкесінше, зауыт жабылуы тиіс.

Екі жылға созылған сот ісі туралы төмендегі сілтеме арқылы Информбюроның бұған дейінгі материалынан толығырақ оқуға болады.


Оқи отырыңыз: 600 адам жұмыссыз, 2500 шаруа қожалығы табыссыз қалуы мүмкін


Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Тұтынушылар құқықтарын қорғау коалициясының өкілі Мұрат Әбенов бүкіл Қазақстанды косервіленген ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған зауыттың жабылуы нарықта бағаның екі-үш есе артуына әкелетінін айтады.

"Компания күніне 600 мыңға жуық банка өнім шығарады. Оларға үш мыңға жуық фермер ет өнімдерін өткізеді. Егер отандық бренд жұмысын тоқтататын болса, оның орнын импорттық өнімдер басады. Ал олардың бағасы бірнеше есе қымбат", – деді Мұрат Әбенов.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары