Мамандар жоғары оқу орындарында оқитын 4 курстың студенттері арасында іріктеу жүргізді. Мемлекеттік қызметшінің жұмысын үйренгісі келетін жандар түрлі сынақ тапсырып, эссе жазып, білімін дәлелдеді. Биыл іріктеуден 24 адам сүрінбей өтіп, мектепте дәріс алмақ. Жас мемлекеттік қызметшілерді даярлайтын мектепте 24 студент білім алмақ.
2018 жылдан бастап елімізде жас мемлекеттік қызметшілерді даярлайтын арнайы мектеп құрылды. 6 жылда 193 батысқазақстандық студент білім ордасында тәлім алған. Бүгінде түлектердің 21-і мемлекеттік салада еңбек етуде. Мамандар студент жастарды аудан мен ауылдық жерге жұмысқа орналастыруды мақсат тұтып отыр.
"Мемлекеттік қызметте болашақта жұмыс істеймін деген жастарға мемлекеттік аппарат қалай жұмыс істейді, қай жерде қандай маңызды мәселе бар, соның бәрін түсіндіріп, білім береміз. Кейін олар мемлекеттік қызметте қалаған мекемеден тағылымдамадан өтеді. Оларға көмектесетін адамдар бекітіледі. Жастар заңнамалық актілермен танысып шығады", – деді БҚО мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Мұрат Байсалов.
Биыл іріктеуден 24 жас өтті. Солардың бірі – Лауриза Қанатова. Менеджмент пен бизнес саласында білім алып жүрген студент мемлекеттік қызметтің қыр-сырын үйреніп алғысы келеді.
"Жаңа талап" мемлекеттік қызмет мектебіне түсудегі мақсатым-мемлекеттік қызметтің қыр-сырын меңгеру, тәжірибеден өту және университетті аяқтаған соң жұмысқа орналасу", – деді Лауриза Қанатова.
Жалпы БҚО-да 3 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. Олардың 32 пайызы ғана – жастар. Сала мамандары облыс аумағында 108 мемлекеттік қызметшінің орны бос екенін айтады. Басым көпшілігі ауылдық жерде, яғни мамандарға сұраныс ауылдарда көп, қызметкерлер орны бос тұр.