Қазақстанда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) бастауыш сыныптарда алып тастау мәселесі талқылануда. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе ата-аналардың жиі көтеретін сауалдарының бірі. Себебі қазіргі бағалау жүйесінде жиынтық жұмыстарды орындау кезінде ата-аналардың қатысуы жиі байқалады.
Жұлдыз Сүлейменова бөлім және тоқсан бойынша жиынтық бағалау алғашында оқушылардың білім сапасын бағалауға арналған құрал ретінде енгізілгенін, алайда іс жүзінде оның орындалуына ата-аналардың едәуір араласуына тура келетінін айтты. Сондай-ақ министр қазіргі таңда жиынтық бағалау нәтижелерінің сатылуына қатысты деректер анықталып жатқанын жеткізді. Оның пікірінше, мұндай жағдайларға құқықтық тұрғыдан баға берілуі қажет.
"Критериалды бағалау жүйесі енгізілген көптеген дамыған елдерде бастауыш сыныптарда мұндай бағалау түрлері қолданылмайды. Сондықтан қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптарда бөлім бойынша және тоқсандық жиынтық бағалауды алып тастау мәселесін талқылап жатыр", – деді министр.
Ол сондай-ақ Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың БЖБ мен ТЖБ жүйесін енгізуге қатысты жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөніндегі ұсынысына пікір білдірді. Министр бұл мәселе мен жүйеге бөлінген қаражаттың жұмсалуын тексеру Жоғары аудиторлық палата және басқа да уәкілетті органдардың құзыретіне кіретінін айтты. Министрліктің бағалауынша, 2016 жылдан бастап енгізілген білім беру стандарттары мен критериалды бағалау жүйесі барлық жағдайда күткен нәтижені бере бермейді. Осыған байланысты ата-аналар мен педагогтер тарапынан жүйені ұйымдастыру және іске асыру бойынша сын-пікірлер жиі айтылып келеді.
БЖБ мен ТЖБ-ға қатысты түпкілікті шешім биылғы тамыз айында жарияланады.
Жұлдыз Сүлейменова бес балдық бағалау жүйесін қайта енгізу мәселесіне қатысты пікір білдіріп, оны ескірген жүйе деп санайтынын айтты. Оның айтуынша, министрлік қазір оқушылардың жас ерекшелігі мен оқу материалын меңгеру деңгейін ескеретін бағалаудың түрлі үлгілерін қарастырып жатыр. Сондай-ақ бұл бағытта жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану жолдары да зерделенуде.

