Оңтүстік Кореяның бұрынғы қорғаныс министрі тергеу изоляторында өзіне қол салмақ болған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ренхап агенттігінің мәліметінше, бөлек камераға жатқызылған Ким Ен Хеннің қазіргі жағдайы тұрақты. Оны полиция қызметкерлері жіті бақылауға алған.
Ведомство басшысы мемлекетке сатқындық жасау және бүлік ұйымдастыру баптары бойынша күдікке ілінген. Ал Сеулде адамдар наразылыққа шығып, президент Юн Сок Ельге импичмент жариялауды талап етті. Тіпті, мемлекет басшысын тұтқындау керек деген ұрандар айтылып жатыр. Сонымен қатар Оңтүстік Корея президентінің кеңсесінде полиция тінту жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, бір апта бұрын Солтүстік Кореядан келуі мүмкін қауіпке байланысты Оңтүстік Корея президенті елде әскери жағдай енгізген болатын.
Бірақ депутаттар алты сағаттан кейін жарлықты жою үшін дауыс беріп, әскери режим қайта алынған еді. Осы шешімі үшін президенттің өзі де қазір тергеліп жатыр.