Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазақстандық фермерлер Қазақстанда құрастырылған ауыл шаруашылығы техникаларын көптеп сатып ала бастаған. Мысалы, 2023 жылы сатып алынған тракторлардың 80 пайыздан астамы және комбайндардың 75 пайыздан астамы отандық техникалар. Бұл туралы ауыл өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында баяндады.
Вице-министрдің түсіндіруінше, соңғы жылдары Қазақстанда CLAAS және Deutz Fahr сынды еуропалық брендтер, финляндиялық Sampo бренді өз техникаларын Қазақстанда құрастыра бастаған. Бұл техникаларды қазақстандық фермерлер лизингтік бағдарлама аясында алып жатыр.
"Бүгінде тракторлар мен комбайндар бойынша импортқа тәуелділік жоқ. Қазақстан нарығында фермерлер үшін импорттық және отандық тракторлар мен комбайндардың барлық түрлері бар. Фермерлер еуропалық брендтердің жоғары технологиялық техникасын пайдалануды жалғастыруда. Бірақ, олардың өндірісі шетелде емес, Қазақстанда жүзеге асырылады", – деп атап өтті Иран Шархан.
Оның сөзінше, импорттық техникалар ішінде дәстүрлі Беларусь техникаларын сатып алу үлесі төмендесе, керісінше Қытай техникаларын сатып алу көлемі артып келеді.
Оқи отырыңыз: Тоқаев ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны екі есе арттыруды тапсырды