Тікелей эфир

"Өмір сүру де, өлу де қымбат". Көкшетаулықтар жерлеу қызметінің бағасына шағымданды

Қала тұрғындарының айтуынша, үш жыл бұрынғы бағамен салыстырғанда қазір 2-3 есе жоғары.

Көкшетауда жерлеу қызметін көрсететін мекеме тауарларының құнын 200 есеге шарықтатып жіберген. Бұл факт мониторингтік тексеру барысында анықталды, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдаралмасы.

Қала тұрғыны Асылхан Шәріпов пандемия кезінде әйелінен айырылып, барлық қиындықты өзі еңсерген. Сол кезде жерлеу рәсімінің құны да көтеріліп кеткен.

"Басына қоятын тасты 200 мың теңге деді. Астанадан арзанырағын таптым. Ал негізінен, кірпіштен бастап бағасы шарықтап кеткен. Үш жыл бұрынғы бағамен салыстырса, қазір 2-3 есе жоғары. Табытқа Петропавлдан тапсырыс бердім. Өмір сүру де, өлу де қымбат боп кетті", – деді Асылхан Шәріпов.


Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстанда қайтыс болғандар саны 5 мыңға артып, жерлеу рәсімі қызметтері 82,2% қымбаттады


Көкшетаулықтар жерлеу қызметімен айналысатын компаниялар бағаны әдейі көтереді деп есептейді. Ескерткіш қана емес, тіпті гүл шоқтары да тым қымбат. Жақыны дүниеден өтіп қайғыға батқан кезде адамдар мұндай заттардың бағасын ойламайды. Мұны адамдар "біреудің қайғысынан пайда табу" дейді.

"Әрине, қымбат. Адамдар жақындарын жерлегенде ақша туралы ойламайды. Кейін ес жиғаннан кейін ғана қымбат екенін түсінеді", – дейді Көкшетау тұрғыны Нұржамал Әубәкірова.


Оқи отырыңыз: 6 шаршы метр жер тегін: Астанада марқұм адамды жерлеу тәртібі әзірленді


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мұндай жағдайлар бақылау мен тексерудің жоқтығынан, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жерлеу ұйымдары арасында нақты өзара іс-қимыл болмағандықтан дейді. 

"Жерлеу қызметін ешкім қадағаламайды, баға белгіленбейді. Сол себептен жерлеу компаниялары тауарлары мен қызмет құнын асыра көрсетуіне мүмкіндік береді. Бізде Ақмола облысында жерлеу қызметімен айналысатын компания қызметтерін 200 есеге асыра бағалаған", – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті бастығының бірінші орынбасары Айдос Жақиялин.

Адамдар туыстарын жерлейтін жер жоқ деп жиі шағымданады. Жер үшін де ақша талап ететіндер бар. Дегенмен мамандар жерлеуге арналған жердің заң жүзінде тегін берілетінін ескертеді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары