Тікелей эфир

Олжас Бектенов: Алматыдағы әл-Фараби көшесінен жоғары тектоникалық жарықтарда жер бөлінбейді

Бұл талап 2023 жылы бекітілген Алматы қаласының бас жоспарында қамтылған.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының Алматы қаласындағы жер сілкінісі қаупіне қатысты жолдаған депутаттық сауалына берген жауабында оңтүстік астанада тектоникалық жарықтар бойындағы жерлер бөлінбейтінін еске салды.

"2023 жылғы мамырда Үкімет аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлуді көздейтін Алматы қаласының Бас жоспарын бекітті. Әзірленген қала құрылысы жобасы сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, ол сараптаманың оң қорытындысын алмайды. Демек, бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы болмаған жағдайда, оның ішінде әл-Фараби көшесінен жоғары тектоникалық жарықтарда жер бөлу мүмкін болмайды", – деп жауап берді Олжас Бектенов.


Оқи отырыңыз: 


Премьер-министр, сондай-ақ, 2020 жылы әзірленген "Сейсмикалық шағын аймақтарға бөле отырып, Алматы қаласының аумағында құрылыс салу" стандарты бойынша Алматы қаласындағы құрылысты жобалау, ғимараттар мен құрылыстардың қабаттылығы және оларды қосымша күшейту жөніндегі талаптар көзделгенін айтты.

"Бұдан басқа, мемлекеттік бақылауды күшейту шеңберінде қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Айталық, заңнамалық деңгейде қала құрылысы сараптамасы институты енгізілді, ол қала құрылысын жоспарлау кезеңінде сәулет-құрылыс нормаларынан (тығыздық, қабаттылық, көгалдандыру, санитариялық-қорғау аймақтары, экологиялық талаптар) ауытқуға жол бермеуге, оны бекіту бойынша бұзушылықтарды болғызбауға мүмкіндік береді", – деді Олжас Бектенов.

Серіктестер жаңалықтары