Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысының кейінге шегерілуіне тасымалдау көлігіндегі техникалық ақау себеп болған. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев мәлімдеді.
Сәуірдің 29-ы күні сотталушы Бишімбаев пен екінші сотталушы Бақытжан Байжанов сотқа уақтылы әкелінбеді. Сондықтан олардың ісі бойынша сағат 10.00-ге жоспарланған жарыссөз кейінге шегерілді.
"Техникалық ақаулар туындады, қазір қызметтік тексеру жүргізілуде", – деп түсіндірді Айдос Рысбаев.
Ол техникалық ақаулардың әртүрлі болуы мүмкін екенін түсіндірді: көліктің бұзылуынан дөңгелектің жарылуына дейін.
Оқи отырыңыз: Адвокат Оразбақова Нүкенованың өліміне қатысты: Бұл қылмыста немқұрайлылық тым көп
Бишімбаевтың өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы қауесеттерге қатысты журналистердің сұрағына жауап берген вице-министр: "Менде мұндай ақпарат жоқ" деді.