Octagon 77: Еркебұлан Тоқтар ирандық Фарзад Гадериді нокаутпен жеңді

Еркебұлан Тоқтар. Фото: Octagon
Еркебұлан Тоқтар. Фото: Octagon
Ол кәсіби ММА-дегі өз рекордын жаңартты.

Қазақстандық спортшы және актер Еркебұлан Тоқтар (10-3) Конаев қаласында өткен OCTAGON 77 турнирінде жарқын жеңіске жетті.

Кештің басты жекпе-жегінде Тоқтардың қарсыласы жеңіл салмақта танымал ирандық файтер Фарзад Гадери (18-14) болды. Жекпе-жектің алғашқы минуттары қонақ спортшының бақылауында өтті: ол партерде басымдық көрсетіп, жағдайды өз қолына алған еді. Алайда Еркебұлан күтпеген сәтте шынтағымен қатты соққы жасап, қарсыласының бетін жарып жіберді.

Екінші раундта Тоқтар тік тұрыста ауыр соққымен ирандықты есеңгіретіп жіберді, бірақ Гадери қайтадан жекпе-жекті партерге ауыстыруға тырысты. Соған қарамастан, раундтың соңында Еркебұлан қарсыласына соққының қарша бораған сериясын жасап, жекпе-жекті нокаутпен аяқтады.

Осылайша, Еркебұлан Тоқтар өз жанкүйерлері алдында әсерлі жеңіске жетіп, кәсіби ММА-дегі рекордын жақсартты. Ал Фарзад Гадери үшін бұл – мансабындағы он бесінші жеңіліс болды.

Сондай-ақ, бұл күні ирандық Мохаммад Рахмани, өзбекстандық Одилхон Камолов, ресейлік Гамзат Чапановтар да жеңіске жетті. 

Серіктестер жаңалықтары