Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты күдіктінің психиатриялық орталыққа жатқызылуы қоғамда сұрақ тудырды. Марқұмның жақындары бұл шешіммен келіспей, оның заңдығына күмән келтіріп отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай күдіктінің психикалық жағдайына қатысты берілген медициналық қорытындыларға сенбейтінін айтты. Оның сөзінше, алғашқы сараптама Шымкент қаласында жүргізіліп, психикалық ауытқу белгілері бар деген анықтама берілген. Кейін туыстарының талабымен қосымша сараптама Алматы қаласында жасалғанымен, нәтиже өзгермеген.
Марқұмның туыстары күдікті тарапынан симуляция болуы мүмкін екенін алға тартып, медициналық қорытынды берген мамандарды тексеруді талап етуде.
"Бұл жерде симуляцияның белгілері анық байқалады. Күдікті бұған дейін қоғамда қалыпты өмір сүрген", – деді Сұлтан Серікбай.
Туыстарының айтуынша, қазіргі уақытта күдікті Талғар қаласындағы психикалық емдеу орталығында жатыр.
Шымкент қаласының полиция департаменті күдіктінің психиатриялық ауруханаға жатқызылу себебін түсіндірді.
"Күдіктіге қатысты кісі өлтіру, некеге мәжбүрлеу және сталкинг фактілері бойынша тергеу жалғасып жатыр. Екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша күдіктінің психикалық ауытқулары бар екені анықталған. Осыған байланысты ол мәжбүрлі түрде арнайы медициналық мекемеге емделуге жіберілген. Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті қайтадан тергеу изоляторына жеткізіліп, тергеу әрекеттері жалғасады", – делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары жәбірленуші тараппен тұрақты байланыс орнатқан. Тергеушілер барлық процессуалдық шешімдер бойынша түсіндірме беріп, сараптама нәтижелері мен іс материалдары туралы ақпарат жеткізіп отыр.
Сондай-ақ полиция азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып, жалған мәлімет таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.