Тікелей эфир

Нұр-Сұлтанда жансақтау бөліміндегі 230 науқастың бірде-бірі екпе алмаған

Елордадағы вакцина салу пункттерінің жұмыс кестесі таңғы 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін ұзарды.

Елорданың жансақтау бөлімінде 230 науқас жатыр. Олардың ішінде 203 адам коронавирус жұқтырған. 47 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, жалпы жағдайы ауыр 70 науқас бар. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлімдеді.

22 шілдедегі жағдай бойынша, инфекциялық стационарда 2 556 науқас жатыр, оның ішінде – 2 270 адам Covid-19 жұқтырса, 286 адам пневмонияға шалдыққан. 

16 инфекциялық стационардағы 3 562 төсек орынның 72%-ы бос емес. 


Оқи отырыңыз: Қандай екпе аласыз? Коронавирусқа қарсы вакцинаны таңдауға қажет мәліметтер


"Біз науқастарға арналған төсек санын және көмектесетін адам қорын көбейтуге мәжбүрміз. Өткен тәулікте 333 адам ауруханаға жатқызылды. Ауруханадағы бар төсек-орынның 1 006-сы ғана бос, оның ішінде 62-сі жансақтау бөліміне тиесілі. Сондай-ақ, қазір жансақтау бөлімінде 230 науқас жатыр. Оның ішінде 47 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл – жағдайы тұрақсыз әрі аса ауыр науқастар. Олардың ешқайсы екпе алмаған. Қазір қалада 320 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін салдырды. Иммунитетті қалыптастыру курсын 200 мыңнан астам адам аяқтады. Вакцина ұжымдық иммунитет толық қалыптасқан кезде әрбір адамға жақсы әсер етеді. Ал ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін жергілікті халықтың 60%-дан астамы екпе алуы қажет. Яғни6 Нұр-Сұлтан қаласында 650 мыңнан астам адам салдыруы керек деген сөз", – деді Тимур Мұратов. 

Елордада 320 мыңнан астам адам вакцинаның I компонентін салдырды. 206 мыңнан астам азаматтың толық иммунитеті қалыптасты. Осы орайда, ведомство басшысы медициналық ұйымдардағы егу пунктерінің саны 3 есе артқанын мәлімдеді. 

"Олардың (егу пункттерінің – ред. түсіндірмесі) жұмыс кестесі жексенбі мен мереке күндерін қоса алғанда таңғы 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін ұзартылды. Халық толықтай екпе алуы үшін вакцинация пунктері 8 сауда-ойын-сауық орталығында ашылды. Олар – Хан-Шатыр, MegaSilkWay, Керуен, Абу-Даби Плаза, Азия Парк, СарыАрқа, Евразия, Мечта дүкені", – деді басқарма басшысы. 

Осы күнге дейін сауда және ойын-сауық орталығында 50 мыңнан астам адам екпе салдырды.

Серіктестер жаңалықтары