Назарбаев: Партияны одан президент сайлауына ұсынылған және қолдауына ие болған адам басқаруы тиіс

Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезіне қатысты.

Жиында Елбасы Nur Otan партиясы еліміздегі басты саяси күш екенін атап өтті, деп хабарлады Елбасы сайты.

"Партия әрдайым тұтас қоғамның мүддесін қорғап, Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігімізді сақтауға атсалысып келді. Біз зор табыстарға бірге қол жеткіздік. Ең бастысы Қазақстанның одан әрі дамуына берік негіз қаланды. Осы жүйелі жұмысты жалғастыру маңызды", – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев съездің тарихи мәніне тоқталып, Қасым-Жомарт Тоқаевты "Nur Otan" партиясының Төрағасы етіп сайлау туралы ұсынысын партияластары қолдайтынына сенім білдірді.


Оқи отырыңыз: 


"Кейінгі бір жарым жыл ішінде партия жүйелі түрде қайта жаңғырды. Оны толық басқаруды қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсыру бұл процестің соңғы кезеңі деп санаймын. Партиядан президент сайлауына ұсынылған және қолдауына ие болған адам оны басқаруға тиіс. Бүгінде Қазақстан Президентінің басшылығымен маңызды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүзеге асуда. Барлық қажетті ресурсы бар Nur Otan партиясы оларды орындау барысында  сенімді тірек болуы керек", – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті жұртшылық жан-жақты қолдағанда ғана ел тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған ауқымды реформалардан маңызды нәтижелер болатынын айтты.

"Ел бірлігі, тыныштық, тұрақтылық пен келісім барда ұлы мақсаттарға жетуге болатынын әрдайым айтып келемін. Біздің отыз жылдағы тәжірибеміз осыны айқын көрсетті. Бүгінде Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басып отырмыз. Бұл – жаһандық өзгерістер, күрделі әрі жауапты шешімдер кезеңі. Қазақстан жаңа дәуірдің барлық сынағынан сүрінбей өтетініне сенімдімін. Айқын мақсаттар, саяси ерік-жігер, ең бастысы халықтың қолдауы соның кепілі болмақ", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары