Астана мен Алматыда музыкалық драма жанрында түсірілген "Shulamah" фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы"және Golden Man Media қолдауымен жарыққа шықты.
Аталған фильм Қазақстанның музыка саласындағы прогрессивті жастардың көзқарасын баяндайды. Елімізде талантты жастар көп, бұл ретте Кино орталығы оларды қолдап, креатив индустрияны дамытуға көмектесуі керек деп есептейді.
Фильм режиссері Айтөре Жолдасқали "Sheker" сериалымен танымал болса, Игорь Цайды Голливудтағы жобалары арқылы көпшілік біледі. Фильм сюжеті рэпер болуды армандайтын теміртаулық үш достың оқиғасын баяндайды. Олар "Сула" есімді продюсермен кездейсоқ танысып, аз уақытта танымал болып шығады. Дегенмен жетістікке жету жолында қиындықтарды еңсеру қажет екенін түсінеді.
"Жоба продюсерлері басты кейіпкерлердің рөліне кәсіби актерлерді тартуға емес, кастинг өткізуге ден қойды. Осылайша, еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық өтінім келіп түсті, бірақ таңдау Демеу Атымтаевқа, Досан Кеншімбаевқа және Алмаз Мержақыповқа түсті. Сондай-ақ, фильмге музыкалық продюсерлер мен әйгілі орындаушылар, соның ішінде: HIRO, VSXV Prince және Shiza атсалысты. Сонымен қатар эпизодтарда көрермендер Say Moны және бірқатар блогерлерді көреді", – деп атап өтті шығармашылық топ.
Үш досты ойнаған Демеу Атымтаев, Досан Кешімбаев пен Алмаз Мержақыповтың бұл кино саласындағы алғашқы рөлі екенін айта кеткен жөн.
"Жақындарым осында болғандықтан қобалжып тұрмын. Анам қатты ұнады деді. Әжем "жарайсың!" деп, қуанышты екенін айтты. Мен үшін ең бастысы сол. Бастысы процестен ләззат алдым. Түсірілім барысы ұнады", – деді Алмаз Мержақыпов.
Фильм 11 шілдеден бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларынан көрсетіледі.