Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қорытынды Төралқа мәжілісі аясында "Мүфтият үздігі – 2025" номинациясы бойынша салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Айрықша шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, жыл бойы дін саласында қажырлы еңбек еткен үздік мамандарды марапаттады.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Бас мүфти бұл мерейтойдың маңыздылығына тоқталып, Діни басқарманың 35 жылдық белесі барша мұсылман жамағаты үшін ортақ қуаныш екенін атап өтті.
"Бүгінгі мерейтой – Діни басқарманың ғана емес, күллі мұсылман жамағатының ортақ қуанышы. Бұл – имандылықтың, ізгіліктің, ел бірлігінің мерекесі. Алла Тағала осы қара шаңырақтың іргесін берік, өрісін кең етсін! Барша дін қызметкерлеріне, осы жолда еңбек етіп жүрген әріптестерге Алла разы болсын" – деді ҚМДБ Төрағасы.
Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы "Мүфтият үздігі" атағына ие болған әріптестерін шын жүректен құттықтап, бұл марапаттың жылдар бойғы адал қызмет пен тынымсыз еңбектің жемісі екенін айтты.
"Ең бастысы – Алланың разылығына ие болу. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Алла Тағала Діни басқарманың қызметіне береке беріп, халқымыздың рухани дамуына мол игілік нәсіп етсін! Әумин!" – деп түйіндеді Бас мүфти.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына орай 35 номинация бойынша еліміздің әр өңірінен үздік деп танылған дін қызметкерлері, ұстаздар, имамдар, сала мамандары мен мекемелер марапатталды.
"Мүфтият үздігі – 2025" иегерлері
Имамдар мен дін қызметкерлері:
"Үздік қала имамы" – Омаров Нұрсейіт Әбдімүтәліұлы (Павлодар облысы, Екібастұз қалалық мешіті)
"Үздік аудан имамы" – Ерімбет Еділбек Талқанбайұлы (Жетісу облысы, Көксу аудандық "Балпық би" мешіті)
"Үздік ауыл имамы" – Ахмет Берік Хамитұлы (Қостанай облысы, Алтын дала ауылы)
"Үздік наиб имам" – Хұмар Қоныскерей (Қарағанды облысы, "Әнет баба" мешіті)
"Үздік ардагер имам" – Рысбай Дайрабай Серікбайұлы (Қызылорда облысы, "Ақмешіт-Сырдария" мешіті)
"Жыл уағызшысы" – Асга Юнус Қадырқұлұлы (Маңғыстау облысы, Ақшұқыр мешіті)
Білім және ағарту саласы:
"Үздік ұстаз" – Әкімов Ринат Нұрланұлы (БҚО, Орал қаласы)
"Үздік ұстаз" – Әбиева Еңлік Мұратқызы ("Түркістан – Ахмет Ясауи" орталық мешіті)
"Үздік Нұр-Мүбәрак ұстазы" – Есімқұлов Ернар Нұрманбетұлы
"Нұр-Мүбәрак үздік шәкірті" – Оспанов Айбар Жанкелдіұлы
"Үздік институт ұстазы" – Манабаев Бағдат Маханұлы
"Үздік медресе ұстазы" – Сарекеев Өмірбек Қоғамбекұлы
"Медресе үздік шәкірті" – Аюбай Нұрмұхаммед Көптілеуұлы
Мешіттер мен қызметкерлер:
"Үздік ауыл мешіті" – "Достық" ауылдық мешіті (Алматы облысы)
"Үздік аудан мешіті" – Қордай аудандық мешіті (Жамбыл облысы)
"Үздік қала мешіті" – Етекбай молда мешіті (Ақмола облысы)
"Үздік мешіт азаншысы" – Мейірбек Қуанғали Садықов (ШҚО, Марқакөл)
"Үздік мешіт тазалықшысы" – Төлеуқызы Айжан (Абай облысы)
Арнайы номинациялар:
"Үздік халал кәсіпорын" – "Сарыбас" шұжық өндірісі (Жамбыл облысы)
"Үздік қажылық гиді" – Байменов Әбілқайыр Яковұлы
"Үздік пәтуа маманы" – Шұғай Юсүпбек (Қарағанды облысы)
"Үздік зекет қызметкері" – Түсіпбеков Асылхан
"Үздік телевизиялық жоба" – "Имамның бір күні" бағдарламасы
"Үздік мүфтият қызметкері" – Нұрбек Әуесханұлы Есмағанбет
"Үздік өкілдік" – Астана қалалық өкілдігі
"Төрт бағыт үздігі" – Алматы қалалық өкілдігі
Салтанатты марапаттау рәсімі дін саласында адал қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегін елеп, рухани саладағы үздік тәжірибелерді кеңінен насихаттауға бағытталды. Бұл бастама алдағы уақытта да дін қызметкерлерінің беделін арттырып, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтуға серпін бермек.